Ссылки доступа

Оралда судьяның баласы кісі өліміне қатысты іс бойынша жеті жарым жылға сотталды


24 сәуірде Орал қалалық соты жергілікті судьяның баласы Ержан Қадырбаевты жеті жыл алты айға соттады.

18 жастағы Ержан Қадырбаев 2023 жылғы көктемде Орал қаласының шетінде 22 жастағы Нариман Рагуфтың өліміне қатысты іс бойынша ұсталған.

Ержан Қадырбаевпен бірге 20 жастағы Ерназ Сәтбаевқа да айып тағылған. Сот Сәтбаевты 12 жылға соттады. Жас жігіттерге «бұзақылық», «адам ұрлау» айыптары тағылған.

Прокурор Қадырбаевқа сегіз, Сәтбаевқа 12 жарым жыл сұраған.

Істі судья Асланбек Дүйсенғалиев қараған.

Сот үкімі шыққан соң Ерназ Сәтбаев сот шешімімен келіспейтінін айтты. Ержан Қадырбаевты сот залына әкелмеген.

Мәліметтерге қарағанда, 2023 жылғы 13 наурызда түнде Сәтбаев пен Қадырбаев қаладағы танымал клубтардың бірінің жанынан автокөлікпен өтіп бара жатып, сол жерден 21 жастағы Нариман Рагуф пен оның досы Дархан Маемировті көрген.

«Сол сәтте Сәтбаев Қадырбаевтан автокөлікті тоқтатуды сұрап, жаңағы екі жігітке тиіскен. Әңгімелесейік деген желеумен автокөлікке отырғызған, яғни бұзақылық әрекет арқылы кісі ұрлау әрекетін жасаған. Сосын Сәтбаев оларды ешқандай себепсіз автокөлікте ұрған. Маемировтің тамағына пышақ тақаған, Рагуфты пышақ сабымен ұрған» деді судья.

Олар Маемиров пен Рагуфты адам жүрмейтін жерге тастап кеткен. Нариман Рагуф өлген. Сараптама марқұм суықтан өлді деген қорытынды шығарған, бірақ туыстары келіспей отыр.

Сотталушылар тағылған айыптарды мойындамаған. Қорғаушылар Маемиров пен Рагуф сол түні автокөлікке өз еркімен отырды дегенді дәлелдеуге тырысқан.

2024 жылы қылмыстық іс сотқа жетті. Оралдағы №2 қалалық соттың судьясы Миржан Қадырбаевты әуелі үйқамаққа босатқан.

Қала шетінде жас жігіт өлгенін, екі күдікті ұсталғанын жергілікті БАҚ жазған. Кейін Қадырбаев қамауға алынған.

XS
SM
MD
LG