Ссылки доступа

Суданда араб содырларының аз ұлттарды қырғаны анықталды


Судан
Судан

Lighthouse Reports тәуелсіз журналистер тобы, сонымен бірге Le Monde (Франция), The Washington Post (АҚШ) газеттері, Sky News (Ұлыбритания) телеарнасы Судандағы кісі өлтіру қылмыстарына қатысты зерттеу жариялады. Бұл туралы Халықаралық француз радиосы (RFI) хабарлады.

Олар Суданда "Шұғыл әрекет ету" бүлікшіл әскери ұйымы аз ұлттарды қырғанын дәлелдеді. Зерттеуде келтірілген видеоларды халықаралық БАҚ тексерді.

Материалда екі видео көрсетілген. Солардың бірі Батыс Судандағы фермалардың бірінде түсірілген. Жерде екі адамның денесі жатыр, солардың бірінің басынан қан аққан. Олардың жанындағы он шақты ер кісі қылыштарын, қамшыларын, Калашников автоматтарын жоғары көтеріп, "Аллаху Акбар" деп айқайлап тұр.

Осы фермадан бір шақырым жерде түсірілген екінші видеода алты адамның өлі денесі жатыр. Төртеуінің қолы байланған, біреуінің басынан қан аққан.

Видеоларға қарап-ақ оларды сотсыз өлтіргенін түсінуге болады. Бұл адамдарды араб содырлары басқа ұлт өкілдері болғандықтан ғана қырып салған. Араб содырларының Суданның "Шұғыл әрекет ету" ұйымына байланысы бар, деп жазды RFI.

БҰҰ мәліметінше, Суданда соғыстың бір жылында ғана 8 миллионға жуық адам үйін тастап кетуге мәжбүр болды, ондаған мың адам өлді.

Дарфур өңіріндегі жанжалда этникалық аз ұлттар қырылды. 2003 жылдан бері мұнда жүздеген мың адам өлген.

Үкіметтік емес ұйымдардың мәліметіне қарағанда, "Шұғыл әрекет ету" ұйымына байланысы бар араб содырлары араб еместерді, әсіресе масалиттер мен загавалықтарға қарсы қылмыстар жасаған. Ұйым осы қылмыстарға қатысы барын жоққа шығарып, қылмыстарды "тайпалар арасындағы жанжал" деп түсіндіреді немесе Суданның тұрақты күштерін айыптайды.

Алайда халықаралық БАҚ көрсеткен видеолар осы қылмыстарға ұйымның қатысы барын дәлелдеп отыр.

БҰҰ мәліметінше, Суданда 25,6 миллионға жуық адам аштыққа ұшырау қаупі алдында тұр.

XS
SM
MD
LG