Ссылки доступа

Ресейде босқын мәртебесін ала алмаған ауған журналисі Хассани еліне оралды


Кобра Хассани
Кобра Хассани

Ресейде шекарадан заңсыз өткені үшін екі жылға сотталған ауған журналисі Кобра Хассани еліне оралды.

Бұл туралы "Фонтанка" басылымы хабарлады. Бұның алдында журналистер мен заңгерлер оны елінде түрме мен азаптау күтіп тұрғанын ескерткен.

Адвокат Мария Беляеваның айтуынша, ол Мәскеуден Кабулға 25 маусымда ұшып кетті.

Кобра Хассани Ауғанстанда жүрген уақытта Anadolu Agency түрік ақпарат агенттігімен, National Public Radio news америкалық радиомен байланыс орнатқан, Afganistan Youth TV жастар телеарнасында істеген. Ол 2021 жылы тәліптер билікке келген уақытта Украинаға кетіп, университетке түскен.

Соғыс басталған уақытта Украинадан Польша арқылы Германияға қашуды көздеген. Таныстары Хассаниге Польшаға жеткізуге көмектесетін адамдардың байланыс нөмірлерін берген, бірақ олар ауған журналисін алдап Луганскіге, сосын Ресейге апарған.

Хассани 2022 жылғы мамырда ұсталды. 2024 жылғы ақпанда Петербург соты оны екі жылға соттады, бірақ қамауда өткізген мерзімін ескере отырып сот залында босатты. 2023 жылғы мамырда Хассаниді елден шығару жөнінде сот үкімі шықты. 2024 жылғы қаңтарда Ресей журналиске босқын мәртебесін беруден бас тартты.

XS
SM
MD
LG