Ссылки доступа

Отыздан астам тәжік мигрантын Ресейге кіргізбей қойды


Ресей арнайы қызметі Тәжікстаннан келген бір топ азаматты ел аумағына кіргізбеді.

Мәскеудегі Внуково әуежайында шекарадағы тексеру аймағында Тәжікстанның 30-дан астам азаматы 14 маусымнан бері отыр. Олар Душанбеден ұшып келген.

Азаттықтың Тәжік қызметімен сөйлескен мигранттар күш құрылымдарының өкілдері оларды Ресейдің «бас ауруы» деп атағанын айтты.

Ресейге кіре алмай жүргендердің арасында әйелдер мен балалар да бар.

«Үш күн бұрын ұшып келдік. Шекара бақылауынан өтер уақытта бізге федералдық қауіпсіздік қызметінің өкілдері келіп, Тәжікстаннан екенімізді, Ресейге зиян тигізетінімді айтып, елге қайтуды талап етті» дейді мигранттардың бірі.

Еңбек мигранттарының айтуынша, оларды «Крокустағы» оқиға туралы сұрап, телефондарын тексерген.

Олар Тәжікстанның Ресейдегі елшілігіне де хабарласқан. Елшіліктегілер «Осындай мәселе барын білесіңдер, неге келдіңдер?» деп сұраған.

Биыл наурыздың аяғында «Крокус» концерт залындағы терактіден кейін Ресейде тәжік мигранттарына қысым күшейді. Мыңдаған мигрантты Ресей аумағына кіргізбеді, жүздеген тәжік азаматы елден шығарылды. Тәжікстан билігі азаматтарына Ресейге барудан уақытша бас тартуға кеңес берді.

XS
SM
MD
LG