Израиль мен палестиналықтар арасындағы келіссөздерде араағайын боп жүрген екі ел тарапынан қысым Ақ үйдің нұсқауымен жасалды деп жазды The Wall Street Journal. Басылым дереккөздерінің айтуынша, депортациядан бөлек, ұйым жетекшілері қамауға алынып, санкция салынуы, активтері бұғатталуы мүмкін.
Басылымның жазуынша, Вашингтонның талаптары кері әсер туғызған. ХАМАС тобының жетекшілері өздерінің шарттары орындалған жағдайда ғана келісімге баратынын айтқан. Палестиналықтардың өкілі Исмаил Хания бір апта бұрын АҚШ президенті Джо Байден жариялаған ұсыныс ХАМАС-тың мүддесіне қайшы, себебі ол соғысты тоқтатуға кепілдік бермейді деген.
АҚШ-тың ресми өкілдерінің сөзінше, ХАМАС-тан атысты тоқтату бойынша жаңа ұсынысқа ресми түрде жауап келмеген.
Байденнің бастамасы атысты алты аптаға тоқтатуды, тұтқынға алынған азаматтардың барлығын босатуды, Израиль әскерін Газадан толықтай шығаруды және палестиналықтарды аймаққа қайтаруды және оны қалпына келтіруді қарастырады.
Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Израиль әскери қимылдарды 42 күнге тоқтата алады, бірақ одан кейін ХАМАС-қа қарсы операция қайта жалғасатынын айтқан.
8 маусымда Израиль әскері Нусейраттағы босқын лагерінде рейд жүргізген. Соның нәтижесінде 7 қазаннан бері тұтқында болған төрт азамат босатылды. Арасында ресейлік Андрей Козлов та бар.
ХАМАС-қа қарайтын Газа секторының денсаулық сақтау министрлігі тұтқындарды босату операциясы кезінде шамамен 300 палестиналық өлтірілгенін мәлімдеді. Ал Израиль әскері рейд кезінде өздерін жан-жақтан атқылағанын айтты. Израиль әскерінің өкілі Даниэль Хагаридің сөзінше, Газа тұрғындары сол кезде қаза болуы мүмкін. Ол ХАМАС-ты бейбіт азаматтарды тірі қалқан ретінде пайдаланып отыр деп айыптады.
- Былтыр күзде ХАМАС Израильдің оңтүстігіне шабуыл жасағаннан кейін Израиль Газа секторында ауқымды әскери операция бастаған. ХАМАС шабуылы кезінде 1200-ден астам адам опат болған, 250 адам кепілдікке алынған.
- ХАМАС бақылауындағы Газа секторының денсаулық сақтау министрлігі біренеше айға созылған қақтығыс кезінде 37 мыңға жуық палестиналық қаза болғанын, басым бөлігі бейбіт тұрғындар екенін айтқан. Бұл мәліметті тәуелсіз ақпарат көздері әзірге растаған жоқ.