Ссылки доступа

Құтқарушылар Иран президенті отырған тікұшақты іздеп жатыр


Эбрахим Раиси
Эбрахим Раиси

Иран президентінің тікұшағы елдің солтүстігіндегі Шығыс Әзербайжан провинциясында ауа райының қолайсыздығына байланысты апатты жағдайда қонған.

Бұл жөнінде Иранның ақпарат құралдары хабарлады. Ақпаратты Иран билігі растады. Иран президенті Ибрахим Раисидің тағдыры әзірге белгісіз. Іздеу-құтқару жұмыстары жүріп жатыр.

Тікұшақта Раисиден бөлек Иранның сыртқы істер министрі Хосейн Абдоллахиан, Тебриз мешітінің имамы және тағы бірнеше адам болған деп айтылады. Олардың жағдайы белгісіз.

Аты-жөнін айтпаған Иран шенеунігі Reuters агенттігіне жағдайды ескергенде президенттің өміріне "қауіп төнгенін" айтқан. Билік тұрғындарды президент үшін дұға жасауға шақырды.

Иранның ішкі істер министрі Ахмад Вахиди іздеу жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады. Оның сөзінше, құтқарушылар қолайсыз ауа райы кезінде жол жағдайы қиын жермен тікұшаққа бара жатыр. Иранның Tasnim агенттігінің мәліметінше, тікұшақ баруға қиын жартасты жерге қонған болуы мүмкін.

Әзірге тікұшақ табылған жоқ. Экипажбен байланыс үзілген.

Құтқару операциясына кемінде 40 бригада қатысып жатыр. Жарияланған видеоларда құтқарушылардың қалың тұманда жылжып бара жатқаны көрінеді.

Иран телеграм-арналарының хабарлауынша, президент отырған тікұшақ Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен Иранның солтүстік-батысындағы Парсабад қаласында өткен жаңа бөгеттің ашылу рәсімінен қайтып келе жатқан. Оның жанында болған тағы екі тікұшақ қонуы тиіс болған жерге аман-есен жеткен.

Иранның Шығыс Әзербайжан провинциясы Тегеранның солтүстік-батысынан шамамен 600 шақырым жерде орналасқан, Армения және Әзербайжанмен шектесіп жатқан аумақ.

Ибрахим Раиси Иран президенті қызметін 2021 жылдан бері атқарып келеді. Ол президенттікке дейін бас прокурор болды, жоғарғы сотқа жетекшілік етті. Ол АҚШ пен Израильге қарсы тұру мәселесінде қатаң саясатты ұстанған. Иранда президент қызметі ең жоғарғы қызмет саналмайды – елді рухани көсем аятолла Әли Хаменеи басқарады. Президент үкіметтің қызметіне жетекшілік етіп, елдің атынан халықаралық кездесулерге қатысады.

XS
SM
MD
LG