Мадуроны жақтамайтын мыңдаған адам 29 шілдеде Каракас көшелеріне шықты. Көпшілік ұлттық сайлау органдары кеңселерінің алдына келді. Олар полициямен, әскермен қақтығысып қалды.
Каракаста полиция көзден жас ағызатын газ қолданды. Бірақ мыңдаған адам жаяу президент сарайына қарай беттеді.
Венесуэладағы тәртіпсіздіктер барысында 23 әскери зардап шекті. Олардың бірнешеуіне оқ тиді, деп хабарлады елдің қорғаныс министрі Владимир Падрино.
Шеруге шыққандар сайлау нәтижесіне наразы. Мадуро бақылауындағы Ұлттық сайлау кеңесінің мәліметінше, 28 шілдедегі сайлауда қазіргі президент 51,2%, ад бірлескен оппозиция үміткері Эдмундо Гонсалес 44% жинаған. Салаудың толық нәтижесі жарияланбаған.
Оппозиция Венесуэладағы сайлау нәтижесін мойындаудан бас тартты. Вашингтон және басқа да елдердің биліктері сайлау нәтижесіне күмән келтірді. Бразилия мен Еуроодақ дауыс әділ саналу керектігін ескертсе, Ресей, Куба, Гондурас және Боливия биліктері Мадуроны құттықтап үлгерді.