Басты себеп – Ресейде шетел азаматтарына қатысты саясаттың қатаюы. Ресейдің 19 өңірінде мигранттарға такси жүргізуге тыйым салынған. Ал қыркүйектен бастап такси жүргізушілер жолаушылар үшін сақтандыру сатып алуы тиіс. "Цифровой мир" ұйымының мәліметінше, оны көлік жүргізушілердің төрттен бірі ала алмай қалуы мүмкін.
Қырғызстандық Әли Мәскеуде такси жүргізеді. Ол жаңа талаптар оның табысының көп бөлігін жеп қойып жатқанын айтты.
"Бұрын мигранттардың көбі такси жүргізетін. Қазір азайды. Себебі тіркелу өте қиын. Жалған қағазбен жұмыс істегендер ұсталып, депортацияланған. Көбісі өз еркімен мұндай жұмыстан кетіп жатыр. Мен де бір айдың көлемінде елге қайтамын" дейді ол.
"Яндекс.такси" мәліметінше, билік шектеулері салдарынан жыл аяғында Ресейде 130 мың таксиші қажет болады.
"Крокус Сити Холл" концерт залына жасалған шабуылдан кейін Ресей мигранттарға қысымды күшейтті. Биыл жеті айда ғана елден жүз мыңға жуық шетел азаматы депортацияланды.