Адам шошырлық оқиға 2024 жылғы қаңтарда басталған. Қызылорда облысындағы бір мектепте оқитын төрт оқушы бір сыныптасының телефонын тартып алып, оны жезөкше қызметін ұсынатын сайтқа тіркеген. Содан кейін олар қызды тәнін сатуға мәжбүрлеген. Жас қыз бас тартқан уақытта оның жалаңаш видеосын таратамыз деп бопсалаған.
"Ақпан айында ол үйге де келетін, мектепке де баратын. Сосын олар әбден дәнігіп алды. Алғашқы уақытта кешке, түнде ғана үйден кетіп жүрсе, кейін күндіз шығатын болды. Екі тәулік бойы тынымсыз жұмыс істеуге мәжбүрлеген күндер болды дейді. Әр сағат сайын ақша талап етіп отырған" дейді жәбірленушінің анасы.
Кәмелет жасқа толмаған қызмет жыныстық қатынасқа түскен ер азаматтар ақысын оның телефонына байланған банк есебіне аударып отырған. Жарты жылда мыңнан аса ақша аударылған. Жас қызды жезөкшелікке жеккен оқушылар ай сайын алты мыңға жуық доллар табқан болуы мүмкін.
Жыныстық құлдыққа түскен қыз ата-анасына шындықты айтудан қорыққан. Бірақ қыздың анасы осының бәрін біліп қойып, полицияға хабарласқан. Айта кетерлік жайт, жергілікті шенеуніктер мен білім беру мекемелерінің қызметкерлері оны арыз жазудан, көпшілікке жария етуден бас тартуға үгіттеген.
"Мені ішкі істер бөлімінің басшысы шақыртты. Неге журналистерге шықтыңыз деп сұрады. Бәрін өзіміз шешеміз, ешкімге сұхбат бермеңіз деді. Сосын тергеушіге менің үстімнен қылмыстық іс қозғауды тапсырды" дейді жәбірленушінің анасы.
Оқушы қыздың оқиғасы тез таралып, қоғам назарына бірден ілікті. Іске бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева араласты. Ол қылмыстық іс тергеліп, жәбірленушіге медициналық көмек көрсетіліп жатқанын жазды.
Бастапқыда төрт күдікті үймаққа босатылған. Бірақ оқиға көпшілікке тарап кеткен соң, күдіктілерге қатысты бұлтартпас шарасын өзгертуге мәжбүр болған. Жасөспірімдерге кәмелет жасқа толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрледі деген айып тағылған. Олардың ата-анасына да қылмыстық іс қозғалған.
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев оқушылар оқитын лицейдің директорын, тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарды, психологты, әлеуметтік педагогты және сынып жетекшілер жұмыстан шығарды. Қалалық білім басқармасының жетекшісіне қатаң сөгіс жарияланды, ал тәрбие жұмысы жөніндегі бөлім маманы қызметтен алынды.