Ссылки доступа

Иран әуе апатынан қаза тапқан президент Раисимен қоштасып жатыр


Иранда президент Эбрахим Раисидің әуе апатынан қаза табуына байланысты бес күндік аза тұту жарияланды. Сейсенбі күні Тебриз қаласында Раиси мен тікұшақ апатанын қаза тапқан басқа адамдарды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі басталды.

Одан соң мәйіттерді Тегеранға жеткізеді. Астанада қоштасу рәсімін Иран Жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеи өткізеді.

Бейсенбі күні кеше Эбрахим Раисиді елдің солтүстігіндегі Мешхед қаласында жерлейді. Марқұм осы қалада туған.

Бұл уақытта, Иран билігі елдегі президент сайлауы 28 маусымда өтетінін жариялады.

Сайлауға дейін президент қызметін оның бірінші орынбасары атқарады. 2021 жылдан бері осы қызметті Мохаммад Мохбер басқарып келген.

Иран Қарулы күштері Бас штабының басшысы Мохаммад Багери тікұшақ апатының себебін тексеруді тапсырды. Бұл туралы ISNA иран ақпарат агенттігі хабарлады.

Раиси, сонымен бірге сыртқы істер министрі Хосейн Әмір Абдоллахиян және тағы алты адам мінген тікұшақ 19 мамырда Иранның солтүстік-батысындағы Шығыс Әзербайжан провинциясында жоғалып кетті. Иран делегациясы Әзербайжаннан қайтып келе жатқан. Бұның алдында Раиси мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев екі ел шекарасындағы Аракс өзенінде бөгет ашқан. Иран президенті кортежі құрамында үш тікұшақ болған, солардың екеуі еш қиындықсыз қонған.

IRNA агенттігінің хабарлауынша, тікұшақ техникалық ақау салдарынан құлауы мүмкін. Жергілікті ақпарат құралдары сол күні бұл ауданға қалың тұман түскенін хабарлаған.

Раиси 63 жаста еді. Ол Иран президенті қызметіне 2021 жылы кіріскен. Оған дейін бас прокурор, сот билігінің басшысы қызметтерін атқарған. Сарапшылардың кейбірі Раиси 85 жастағы аятолла Әли Хаменеидің орнын басуы мүмкін деп топшылаған.

XS
SM
MD
LG