Ссылки доступа

Иранда президенттікке үміткерлерді тіркеу басталды


30 мамырда Иранда президенттік қызметке үміткерлерді тіркеу басталды. Бұл жөнінде "Фарда" радиосы (Азаттықтың парсы қызметі) хабарлады.

Үміткерлерді тіркеу бес күнге созылады. Иранда мерзімінен бұрын президент сайлауы 28 маусымға белгіленген.

Мемлекеттік IRNA агенттігі бүгінгі күнге дейін 25 адам үміткерлікке өтініш білдіргенін жазды.

Үміткерлердің соңғы тізімін Конституциялық қорғау кеңесі 11 маусымда жариялайды. Бұл кеңестің мүшелерін Иранның рухани лидері Әли Хаменеи тағайындайды.

19 мамырда ұшақ апатынан қайтыс болған ел президенті Эбрахим Раиси 85 жастағы Хаменеидің ықтимал мұрагері ретінде айтылып келген. Иранда елді президент емес, рухани лидер деп есептелетін ұлы аятолла басқарады.

Қатал саясаткер ретінде танылған 63 жастағы Раиси Иран президенті болып 2021 жылы сайланған.

Ол 1988 жылы Иран-Ирак соғысында мыңдаған саяси тұтқынды жаппай өлім жазасына тартқаны үшін АҚШ санкциясына енген.

XS
SM
MD
LG