Ереуілге қатысушылар қылмыстық істің шұғыл түрде тексерілуін, әйелдерге қауіпсіз еңбек жағдайын жасауды талап етіп отыр. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Елдің түрлі аймақтарындағы дәрігерлер наразылық акцияларын ұйымдастырып, көмекке зәру науқастарды қабылдаудан бас тартты. Үкімет оларды міндетін атқаруға оралуға шақырып, медицина қызметкерлерін қорғауды жақсартумен айналысатын комитет құрды.
31 жастағы Мумита Дебнатхтың денесі 9 тамызда табылған. Полиция мәліметінше, оны Калькуттадағы ауруханалардың бірінде зорлап, сосын өлтіріп кеткен. Марқұмның туыстары Мумитаны бір топ адам зорлаған деп мәлімдеді. Алайда полиция әзірге бір адамды ғана ұстады. Күдікті - полиция еріктісі Санджай Рой. Ол қылмыс жасағанын мойындаған.
Әйелдерге зорлық көрсету Үндістанның өте өткір мәселесіне айналып отыр. 2022 жылы полиция кісі зорлауға қатысты 30 мыңнан аса арыз қабылдаған.