Ссылки доступа

Душанбеде кеденнің IMEI тіркеуге жауапты бірнеше қызметкері ұсталды


Тәжікстан кеден қызметі әуежайда телефондар мен планшеттердің IMEI кодын тіркеуге жауапты бірнеше қызметкер ұсталғанын растады.

Кеден қызметі басшысының бірінші орынбасары Әзім Турсунзода тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Алайда ол ұсталған қызметкерлердің кімдер екенін айтпады.

Азаттықтың Тәжік қызметі дереккөздерінің мәліметінше, бір ғана күдікті 400 мың сомони жымқырған болуы мүмкін.

Тәжікстанда 2023 жылғы 1 қазаннан бастап мобильді телефондар мен планшеттердің IMEI кодын тіркеу міндеттелген. Содан бері тіркеу мәселесіне қатысты шағым көп түскен.

Мәскеуден Душанбеге ұшып келген жолаушы Симин Салохиддин әуежайда бір ғана тіркеу пункті жұмыс істейтінін, ол жолаушылардың бәріне қызмет көрсетіп үлгермейтінін айтты. "Бір сағат бойы кезекте тұрдық" дейді жолаушы.

Енді мобильді құрылғыны кеденде рәсімдеген уақытта жолаушыдан тауар құнының 15 пайызы қосылған құн салығы ретінде, 10 доллар кеден алымы ретінде ұсталады. Тағы 50 сомониді жолаушы IMEI тіркегені үшін "Net Solutions" жекеменшік компанияға төлеуі тиіс. Бұл компания кімге тиесілі екенін билік айтпай отыр.

Кеден қызметінің мәліметінше, 2023 жылғы 1 қазаннан бері кедендегі тіркеуден шамамен 760 мың мобильді телефон мен планшет өткен. Мемлекет бюджетіне 11 млн доллар түскен. Кеден қызметкерлерінің жемқорлық әрекетінен қанша шығын келгені белгісіз.

XS
SM
MD
LG