USCIRF 26 маусымда АҚШ үкіметіне үндеу тастап, дін еркіндігін сақтамай отырған Тәжікстан билігіне қарсы шара қолдануды сұрады.
USCIRF директорының орынбасары Эрик Уэландтың мәлімдеуінше, 2016 жылы АҚШ мемлекеттік департаменті Тәжікстанды «алаңдатып отырған елдер» тізіміне енгізген, алайда Душанбе «дін еркіндігін шектеудің жаңа жолдарын іздеп жатыр».
Мұсылмандардың дәстүрлі киімдеріне тыйым салуды көздейтін заң жобасына Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон 20 маусымда қол қойған. Құжат ресми баспасөзде жарияланғаннан кейін күшіне енген.
Жаңа заңға сәйкес, «ұлттық мәдениетке жат киімді елге әкелуге, сатуға және қоғамдық орындарда киюге» тыйым салынады. Тәжікстан билігі ресми түрде түсіндірмесе де, «жат киім» деген сөз тіркесі хиджабқа қарсы бағытталғанын ұғыну қиын емес.
USCIRF мәліметінше, АҚШ 2023 жылы Тәжікстанға түрлі бағдарламаны жүзеге асыруға 60 млн доллардан астам қаражат бөлген.