Ссылки доступа

Түркімен шенеуніктерін Бердымұхамедов суреті бар сағат сатып алуға мәжбүрлеп жатыр


Түркіменстанның Балқан уәлаятында мемлекеттік мекемелер басшыларына Бердымұхамедов суреті бар сағат сатып алуға мәжбүрлеп жатыр. Мұндай сағаттар 1500- 3000 манат тұрады.

Азаттықтың Түркімен қызметі тілшісінің хабарлауынша, Гурбанғұлы Бердымұхамедов пен оның ұлы Сардардың суреті бар қол сағаттарды бюджет ұйымдары басшыларының бәрі сатып алуы тиіс. Денсаулық сақтау, білім беру, күш құрылымдары, көлік және байланыс кәсіпорындары, этраптар басшылары да қымбат сағат алуға мәжбүр.

Қызметі жоғары басшылар екі сурет жапсырылған 3000 манаттық сағаттан алады, ал шағын бюджет ұйымдарының жетекшілері арзан сағатқа 1500 манат төлейді.

«Мектеп директорлары мен орынбасарлары, ауыл медпункттерінің басшылары 1500 манаттық, ал құқық қорғау органдары, аурухана бас дәрігерлері және басқа да ірі мекемелердің жетекшілері 3000 манаттық сағаттан алады» дейді жергілікті бір мекемеде істейтін қызметкер.

Түркіменстанда жеке басқа табыну дәстүрі баяғыдан қалыптасқан. Елде президент суреттері бар сағаттар үнемі шығарылып тұрады.

Түркіменстанда мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері түрлі себептермен ақша жинауға мәжбүр. Президент кітаптарын, оның суреттерін де солар сатып алады. Осы уақытқа дейін Гурбанғұлы Бердымұхамедов 70-ке жуық кітап жазып тастаған, ал оның ұлы Сердар әзірге екі кітап шығарған.

«Мына сағаттарды Қытайда тапсырыспен жасатқан, сосын оларды елге алып келіп, халықты сатып алуға мәжбүрлейді. Сағат саудасын Ұлттық қауіпсіздік министрлігінің органдары арқылы бақылайды» дейді жергілікті бір мектептің директоры.

XS
SM
MD
LG