Бұл туралы осы жағдаймен таныс америкалық екі шенеуніктің сөзіне сүйенген Washington Post (WP) газеті жазды.
"Вашингтонның бейбіт тұрғындарға қауіп төндіретін шабуылға "Ислам мемлекеті" тобы (Қазақстанда тыйым салынған – ред.) дайындалып жатқанына сенімді болуы ескертудің нақты болғанын көрсетеді және Мәскеудің "АҚШ ескертулері тым жалпы сипатта болды" деген пікіріне тікелей қайшы келеді" делінген басылымда.
Басылымның жазуынша, АҚШ арнайы қызметі теракт туралы мәліметті Ресей ФСБ-ға 6 наурызда, Ресейдегі АҚШ елшілігінен бір күн бұрын берген. Елшілік Ресейде теракт қаупі болуы мүмкін екенін 7 наурызда ескерткен еді.
Газет дереккөзінің сөзінше, АҚШ Ресей билігіне Мәскеудегі синагогаға шабуыл жасалуы мүмкін екенін де айтқан. 7 наурызда Ресей ФСБ "Мәскеудегі синагогалардың біріне қарулы шабуыл жасауды жоспарлағандардың" алдын алғанын хабарлады.
"Бірінші ескертуден кейін неге қауіпсіздік күшеймегені түсініксіз. Мүмкін Ресей арнайы қызметі 7 наурыздан кейінгі күндері шабуыл болмағанын көріп, АҚШ ақпараты жалған болды деп болжап, бәсеңсіген болар" деп болжады дереккөздің бірі.
Ресей ФСБ "Крокустағы" шабуылдан кейін АҚШ-тың шабуыл туралы ақпарат бергенін мойындады, бірақ оны "жалпылама","егжей-тегжейлі емес" деп атады.
- 22 наурыз кешке "Крокусқа" шабуыл жасалды. Ғимаратта 6000-нан астам адам болған. Қарулы топ жұртқа оқ жаудырды, ізінше ғимаратта жарылыс болып, өрт шықты. Кейінгі мәліметтер бойынша, шабуылдан 144 адам мерт болды, 380-нен астам адам зардап шекті. Тергеу комитеті 12 күдікті ұсталғанын хабарлаған. Олардың оны қамауға алынды, күдіктілдердің басым бөлігі — Тәжікстан азаматы.
- "Ислам мемлекеті" террор ұйымы Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" концерт залында болған терактіні өз мойнына алды. АҚШ пен Батыс елдері шабуылды сол террор тобы ұйымдастырды деген ақпаратқа сенеді. Ресей шабуылдың артында Украина тұруы мүмкін деп мәлімдеді. Киев оны үзілді-кесілді жоққа шығарып отыр.
- Наурыздың басында Ресей ФСБ Калуга облысында "Мәскеудегі синагогалардың біріне қарулы шабуыл жасауды жоспарлаған" Қазақстанның екі азаматы Сәбит Әшірәлиев пен Жәнібек Тасқұловты өлтіргені туралы хабар тарады. Ақпаратқа қарағанда, екі қазақстандық "Ислам мемлекеті" террористік ұйымының "Хорасан уәлаяты" бөлімшесінің мүшелері болған. Бірақ олардың Қазақстанда тұратын туыстары Әшірәлиев пен Тасқұлов "террор тобына мүше болған" деген хабарға сенбейді.