Ссылки доступа

Financial Times: Еуроодақ санкция мерзімін ұзартса, АҚШ Украинаға 50 млрд доллар несие беруге дайын


Егер Еуропа одағы Ресейге қарсы енгізілген санкциялар мерзімін ұзартса, АҚШ Украинаға 50 млрд доллар көлемінде несие беруге дайын. Бұл жөнінде Financial Times басылымы жазды.

Ақпаратқа қарағанда, бұл ұсынысты АҚШ-тың және Еуроодаққа мүше елдердің қаржы министрлері 5 маусымда өткен онлайн форматтағы кездесуінде талқылады.

Украинаға берілетін несие Ресейдің Еуропада бұғатталған активтерінен түскен қаржы есебінен беріледі деп жоспарланған. АҚШ ол үшін ЕО Ресейге қарсы енгізілген санкцияларын, оның ішінде активтерді бұғаттау шешімін Украинадағы соғыс аяқталғанға дейін және Мәскеу Киевке келтірген шығындарды төлеп беруге келіскенге дейін ұзартуы керек деп есептейді.

Осыған дейін бұл ұсынысты АҚШ қаржы министрі Жанет Йеллен айтқан. Орыс активтерін қолдану жолдары 13-15 маусымда Италияда өтетін "Үлкен жетілік" саммитінде талқыланады деп күтіледі.

XS
SM
MD
LG