Ссылки доступа

Украин босқындарына көмек берген ресейлік ерікті абақтыда қаза болды


Александр Демиденко
Александр Демиденко

Украин босқындарына көмек беріп келген ресейлік ерікті Александр Демиденко Белгород облысындағы тергеу абақтысында қаза болды. Бұл туралы "Вот Так" және "Важные истории" басылымдары дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, Демиденко 5 сәуірде көз жұмған. Бірақ бұл жөнінде 8 сәуірде ғана адвокаты әйеліне хабар берген.

Әзірге еріктінің өлімінің себебі белгісіз. Бұған қатысты билік ресми пікір білдірген емес.

Александр Демиденко "заңсыз қару сату" айыбымен 2023 жылдың қазан айынан бері қамауда отырған. "Важные истории" жазғандай, жақында оны Санкт-Петербургқа ауыстырып, тағылған айыпты ауыр бапқа алмастыру жоспарланған.

Ресей Украинаға қарсы соғыс ашқаннан бері 61 жастағы Демиденко соғысқа қарсы митингтерге шығып, украин босқындарының еліне қайтуына көмек беріп келген. "Ол украин қашқындарын шекараға дейін жеткізіп тұрған. Оқ атудан кейін шекара бекеті жабылған кезде оның үйіне 900-ға жуық адам түнеп кеткен", - деп жазды "Медиазона" басылымы.

Демиденко Ресейдің "Колотиловка" бақылау бекетінде былтыр 17 қазанда жоғалып кеткен. Үш күннен кейін полиция қызметкерлері оны үйіне алып келген. Үйін тінту кезінде 1940 жылдардағы жарылғыш заттар табылғаны хабарланған. Демиденконың денесінен көптеген көгерген іздер тапқан.

20 қазанда Демиденко "Алкогольдік ішімдіктер ішу" бабы бойынша 10 тәулікке қамалған. 31 қазанда босатылып, бірақ ертесі қайта қамауға алынып, 30 тәулікке қамауға алынған. Оған "заңсыз қару-жарақ сатты" деген айыппен қылмыстық іс қозғалған.

Қараша айында Демиденкоға "Мемлекетке сатқындық жасау" бабымен тағы бір қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды. Бірақ оның адвокаты бұл мәліметті теріске шығарды.

XS
SM
MD
LG