Бұл туралы алғаш рет сәуірдің аяғында Africa Intelligence басылымы хабарлаған. Мәліметті Le Monde француз газетінің дереккөздері растап отыр. Дереккөз мәліметінше, шамамен 56 млн еуроға уран өнімін сату жөніндегі келіссөздерді Франция мен АҚШ арнайы қызметтері білген.
Нигер уран кенін көп өндіретін елдер қатарына кіреді. Былтыр шілдеде осы елде әскери төңкеріс болды. Билікке келген әскери хунта Франциямен арадағы бірнеше келісімді бұзып, Батыс Африкада әскерилер басқарып отырған Мали, Буркино-Фасо секілді елдермен, сонымен бірге Ресеймен байланыс орнаттатынын мәлімдеді.
Мәліметтерге қарағанда, Нигер мен Иран арасындағы келіссөздер ақпанда өткен, бірақ әзірге ешқандай келісім жасалмаған. Иран билігі осы мәліметке жауап бермей отыр.
1980-жылдардың басында Тегеран уран өнімін Оңтүстік Африка Республикасынан сатып алып жүрген. Содан бері бірнеше ондаған жыл бойы Иран Африка елдерінен уран алмаған.