16 маусымда тергеу комитетінің телеграм-арнасында тәжік блогерінің «көші-қон қызметін алдау әдістері» туралы дайындаған видеоролигін тексеріп жатқаны туралы мәлімет жарияланды. Тексеруді Ресей тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин тапсырған.
Комитет баспасөз қызметі таратқан мәліметті блогердің аты-жөні аталмаған, бірақ жергілікті баспасөз оның Усманжон Мирзомұродов екенін жазды. Тәжік блогері әлеуметтік желілерде жариялаған видеоролигінде көрсетілген ватсап нөмірге хабарласып, жалған студент билетін сатып алуға кеңес берген.
Мирзомұродовтың айтуынша, студент билеті бар адамдарды тексермейді. Соған қарағанда, блогердің дәл осы әрекеті заңсыздыққа баруға үндеу деп қабылданса керек.
Ресейде студенттер патент төлеуден босатылған.
Блогердің өзінің әлеуметтік желілердегі парағынан мұндай роликті таппадық, өзімен де хабарласа алмадық. Қазір оның қайда екені белгісіз.
Тергеу комитетінің мәліметінше, Мирзомұродов Санкт-Петербург қаласында тұрады. Комитет тексеру нәтижесін хабарлауға уәде берген.
Усманжон Мирзомұродов әзіл видеороликтер түсіру арқылы жастар арасында танымал болған. Оның Instagram’дағы парағына 800 мыңнан астам адам жазылған.
Ресей тәжік мигранттары үшін жұмыс істеу шарттарын қатайтты. Құқық қорғаушылардың айтуынша, Ресей билігі көбіне Тәжікстан азаматтарын алалап, оларға әділетсіз қысым жасап отыр, сол себепті еңбек мигранттарының бірқатары қысымнан құтылу үшін көші-қон заңдарын бұзуға мәжбүр.