Мәліметтерге қарағанда, күдікті ұсталған. Бұқаралық ақпарат құралдары оның 58 жастағы Райн Рут екенін хабарлады. Ол бұған дейін бірнеше мәрте заң бұзған. 2023 жылы Рут New York Times газетіне сұхбат беріп, ауған армияындағы бұрғынғы сарбаздарды Украина қарулы күштеріне тартуға көмектесуге тырысқанын, 2022 жылы бірнеше ай Украинада болғанын айтқан.
Күдіктінің экс-президентке қастандық жасауға не себеп болғаны белгісіз. Associated Press мәліметінше, 2020 жылы ол әлеуметтік желілерде Дональд Трампты қолдайтынын жазған, бірақ кейінгі уақытта Джо Байден мен Камала Харристі жақтап жүрген.
Құпия қызмет агенті бұтақ арасынан автоматтың басын байқап қалып, ескерту оғын атқан. Дональд Трамп бұл уақытта шамамен 400 метр жерде гольф ойнап жүрген. Күдікті оқ атып үлгерген-үлгермегені әзірге белгісіз. Ол автокөлікпен қашып кетуге талпынған, бірақ бір куәгер оның көлігінің нөмірін суретке түсіріп үлгерген. Күдікті көп ұзамай ұсталған. Гольф алаңындағы бұтақ арасынан винтовка мен бейнекамера табылды.
Құқық қорғау органдары бұл оқиғаны экс-президентке қастандық жасауға талпыныс ретінде тергейтіні мәлім болды.
Дональд Трамп өзінің жақтастарына хат жазып, жағдайы жақсы екенін, "ешқашан берілмейтінін" айтқан.
13 шілдеде Дональд Трампқа Пенсильванияда митинг кезінде оқ атқан. Сол кезде экс-президенттің бір құлағы жараланған. Оқ атқан Томас Мэттью Крукс сол жерде атып өлтірілген. Оның не себепті мұндай қадамға барғаны әлі күнге дейін белгісіз.