Ссылки доступа

БАҚ: Ресей Украинаның Қазақстандағы бұрынғы елшісіне іздеу жариялады


Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қонысбаев (оң жақта) Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевскиймен кездесу кезінде. 23 тамыз, 2022 жыл. Архивтегі сурет.
Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қонысбаев (оң жақта) Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевскиймен кездесу кезінде. 23 тамыз, 2022 жыл. Архивтегі сурет.

Мәскеу соты Украинаның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Петр Врублевскийдің үстінен қозғалған қылмыстық іс аясында оны қамауға алуға сырттай санкция берді. Ресейдің ТАСС агенттігі құқық қорғау органдарының ақпаратына сүйеніп, украин дипломатына халықаралық іздеу салынғанын хабарлады.

ТАСС сөйлескен дереккөздің айтуынша, Врублевскийге Ресейде "Өшпенділік пен араздық қоздыру" бабы (Қылмыстық кодекстің 282-бабы 2-бөлігінің "а" тармағы) бойынша айып тағылған. Агенттіктің жазуынша, Ресейдің құқық қорғау органдарында Врублевскийге қатысты қылмыстық іс туралы егжей-тегжейлі ақпарат көрсетілмеген.

Ақпанның басында Ресей Петр Врублевскийді "террористер мен экстремистер" тізіміне енгізді деген ақпарат тараған.

2022 жылы тамызда Врублевский қазақстандық блогерге сұхбатында Украина күштері "орыстарды қаншалық көп өлтірсе, балаларымыз кейін соншалық азырақ өледі" деген. Осыдан соң Қазақстан сыртқы істер министрлігі Врублевскийге наразылық білдірген.

2022 жылы қазанда Украина президенті Владимир Зеленский Врублевскийді қызметінен босатқан. 2023 жылы мамырда Киев Украинаның Қазақстандағы елшісі қызметіне Сергей Гайдайдың кандидатурасын ұсынған, бірақ Астана оны бекітпеді. Сыртқы істер министрлігі елші тағайындау процесінің құпиялығы мен халықаралық тәжірибеге сілтеп, оның себебін түсіндірмеді.

Таяуда Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Қалетаев Азаттық қойған сұраққа берген жауабында бұл мәселеге қатысты пікір бере алмайтынын айтты.

Қазір Украинаның Қазақстандағы істері жөніндегі уақытша өкілі қызметін Сергей Павленко атқарады.

XS
SM
MD
LG