Ссылки доступа

Тәжікстан президенті дәстүрге «жат киім» киюге тыйым салатын заңға қол қойды


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон «Салт-дәстүрді реттеу туралы» заңға қол қойды. Құжат «ұлттық дәстүрге жат киімді елге әкелуге, сатуға және қоғамдық орындарда киюге» тыйым салады.

Бұл туралы президент сайтында хабарланды.

Киімнің қай түрі «жат» деп саналатыны заңда көрсетілмеген. Алайда сарапшылар Тәжікстан билігінің жылдар бойы мұсылман киімдерімен күрескенін ескеріп, соны жатырқап жатқан болуы керек деп топшылайды. Хиджабқа ғана емес, мұсылман әйелдер тағатын орамал – сатрға да тыйым салынуы мүмкін.

Заңды бұзып, осындай киімді елге кіргізген, сатқан және киген жеке тұлғаларға сегіз мың сомони (700 доллар), қызметтегі адамдарға шамамен 40 мың сомони айыппұл салынады.

Бұған қоса, Құрбан айт, Ораза айт және Наурыз мерекесіне байланысты «идгардак» ғұрыпына да тыйым салынған. Осы уақытта балалар сәнді киімдерін киіп, үлкен дорбамен үйлерді аралайды, тәтті мен тиын сұрайды.

Тәжікстан парламенті заң жобасын қоғам талқысына салмастан, бірден қабылдады.

Заңға қарсылар билік осы әрекеті арқылы азаматтардың жеке өміріне қол салды деп отыр.

Мұсылман ғалымдар лигасы Тәжікстанда хиджаб киюге тыйым салынғанын сынады, ал Ауғанстандағы экстермистік дін өкілдерінің бірқатары «жиһад» жариялап үлгерді, деп хабарлады Азаттықтың Тәжік қызметі.

XS
SM
MD
LG