Байденнің жарлығы билікке ел аумағына заңсыз келген мигранттарды тезірек депортациялауға мүмкіндік береді, олардың саны шамамен күніне 2500 адамнан асуы мүмкін. Қазір АҚШ пен Мексика шекарасында заңсыз өтетіндердің орташа саны 3700-ден асады деп жазды Axios.
Бұған дейін АҚШ сенаты қараған заңға сәйкес, шекарадан заңсыз өткенде ұсталған мигранттар саны белгілі бір деңгейге жетсе, олар баспана сұрау құқығынан айырылатын болады. Байден мұны қолдаған және жаңа шектеулер де осыған келеді.
Заң жобасын екі партиядан шыққан сенаторлар тобы әзірледі, бірақ бұрынғы президент Дональд Трамп оған қарсы шыққан соң республикашылдар оны қабылдамады деп хабарлады "Америка дауысы".
2021 жылы президент қызметіне кіріскен Байден өзіне дейін билікте болған Трамп қабылдаған кейбір шектеуді алып тастауға уәде берген еді, бірақ шекараны заңсыз кесіп өткен мигранттар саны рекорд көрсеткішке жеткен.
Трамптың сайлау штабы Байденнің жарлығын "шекараны қорғау шарасы емес, рақымшылық" деп атады. Трамп Truth Social желісіндегі видеода жарлықтың күші болмайды, ол тек мигранттар санын арттыруға көмектеседі деп айтты.
"Америка дауысы" мәліметінше, президенттің сайлау өтетін жылы жариялаған жарлығынан кейін иммигранттар мен азаматтық құқықты қорғаушылар сотқа шағымдануы мүмкін. Олар Байденді мигранттарға байланысты қатаң саясат ұстанып отырғанын сынады.
Республикашылар иммиграцияны қатаң бақылауда ұстауды қолдайды. Бірақ мәселенің ауқымы көптеген тәуелсіз саясаткерлер мен демократтар пікіріне әсер етті. Былтыр желтоқсанда Мексика шекарасынан заңсыз өткендер саны 250 мыңға жеткен.