Иранның Mehr агенттігі мен Reuters агенттігі сөйлескен, аты-жөні аталмаған Иран шенеунігі Раисимен бірге тікұшақта болған адамдардың бәрі опат болған деп айтқан.
Иранның Қызыл Жарты Ай қоғамының басшысы Пирхосейн Коливанд мемлекеттік арна эфирінде апат болған жерге жеткен құтқарушылар тірі қалған ешкімді таба алмады деп мәлімдеген.
Тікұшақта Иран президенті Ибрахим Раиси, сыртқы істер министрі Хосейн Абдоллахиан, Иранның Шығыс Әзербайжан провинциясының губернаторы Малик Рахмети және Тебриз провинциясының аятолласы Али Хашим болған.
Тікұшақ жексенбі, 19 мамырда Иранның солтүстік-батысындағы Әзербайжан мен Түркия шекарасына жақын таулы аймақта құлаған. Сол күні ол ауданда қалың тұман тұрған.
Ибрахим Раиси Иран президенті лауазымын 2021 жылдан бері атқарып келді. Ол осы қызметке дейін бас прокурор болып істеді, жоғарғы сотқа жетекшілік етті.
Раиси АҚШ пен Израильге қарсы қатаң саясат ұстанған ресми тұлға ретінде танымал еді. Иранда президент қызметі ең жоғарғы қызмет саналмайды – елді рухани көсем аятолла Әли Хаменеи басқарады. Президент үкімет қызметіне жетекшілік етіп, ел атынан халықаралық кездесулерге қатысады.