Ссылки доступа

Словакия премьері Фицо емді үйінде жалғастырады


Роберт Фицо
Роберт Фицо

Словакияның 15 мамырда шабуылдан жарақат алған премьер-министрі Роберт Фицо тікұшақпен Банска-Бистрица қаласындағы ауруханадан Братислава қаласындағы үйіне жеткізілді. Бұл туралы жергілікті басылымдар аталған аурухана басшылығына сілтеме жасап хабарлады.

Аурухана бас дәрігері Мариям Лапуникованың сөзінше, премьер-министр емделуді үйінде жалғастыруды өзі өтінген.

Фицо өзіне жасалған шабуылдан жарақат алғаннан кейін, көпшілік алдына шығып, не болмаса қандай да бір мәлімдеме жасамады.

15 мамырда Гандлова қаласында Фицоға шабуыл жасалды. Премьер-министр қаладағы Мәдениет үйінде үкіметтің көшпелі отырысын өткізгеннен кейін, сыртқа шығып, жол бойында тұрған адамдармен кездескенде, оқ атылған.

Күдікті ретінде 71 жастағы әдебиетші және белсенді Юрай Цинтула ұсталды. Сотта ол Фицо үкіметінің жүргізіп отырған саясатына қарсы болғанын айтқан.

Роберт Фицо бес миллионға жуық халқы бар Словакияның үкімет басшысы болып үшінші рет былтыр қазан айында тағайындалған. Сайлау кезінде ол Украинаға әскери көмекті тоқтату қажеттігін, Ресейге енгізілген санкциялаға қарсы екенін айтып келген. Ол бұған дейін 2006-2010 жылдары, 2012-2018 жылдары үкіметті басқарған.

XS
SM
MD
LG