Словакия үкіметінің әкімшілігі премьерге жедел түрде ота жасалатынын хабарлады. Сол себептен оны тікұшақпен Братислав қаласына алып кеткен. Ресми емес мәлімет бойынша, Фицоға тапаншамен бірнеше рет оқ атқан. Үкімет әкімшілігі оның ауыр жараланғанын жеткізді.
Denník N тілшісі қастандық болған жерге жақын маңда жүрген. Ол шабуыл қалай болғанын көрмеген, бірақ атылған оқтың дауысын естігенін айтты. Кейін ол күзетшілердің премьер-министрді жерден көтеріп, көлікке салып, алып кеткенін көрген.
Куәгерлердің айтуынша, 59 жастағы Фицо үкімет отырысынан шығып бара жатып, оған қол бұлғап тұрған адамдарға жақындаған.
Pravda басылымының жазуынша, күдікті оқ атардың алдында "Робо, мұнда кел!" деп айқайлаған. Оқ атқан адам ұсталған. Жергілікті басылымдардың жазуынша, ол 71 жастағы көрші қаланың тұрғыны. Оның аты-жөні әзірге толық жарияланбады.
Бірақ бірқатар басылымдар оның аты-жөнін толық жазып жатыр. Оның аты-жөні жергілікті әдебиетшінің есіміне сәйкес келеді. Ол - бірнеше өлең жинақтары мен романның авторы. Күдіктінің ұлы Aktualne.sk басылымына әкесінде заңды түрде қару болғанын айтқан. Ол күзет қызметінде жұмыс істеген. Ұлының айтуынша, әкесі Фицоға "дауыс бермеген". Бірақ премьерге қастандық жасау туралы ойын ешқашан айтпаған.
Қастандықтан кейін парламент жұмысын уақытша тоқтатты. Саяси партияның, оның ішінде оппозициялық партия өкілдері де жараланған премьер-министрге қолдау білдіріп жатыр. Оппозиция сөз бостандығын шектейді деп есептейтін БАҚ туралы жаңа заң жобасына қарсы бағытталған наразылық кампаниясын да уақытша тоқтатты.
Бұл арада Фицоның одақтастары оппозиция мен журналистерді айыптап жатыр. Ұлттық партия лидері Андрей Данко "өзінің партиясы үшін саяси соғыс басталды" деп мәлімдеді.
Роберт Фицоға қастандықты елдің экс-президенті Зузана Чапутова және қазіргі президент Петер Пеллегрини айыптады. Сонымен бірге Еуропалық кеңестің төрағасы Шарль Мишель мен Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен де қастандықты айыптап мәлімдеме жасады.
Украина президенті Владимир Зеленский де айыптады.