Әлеуметтік желідегі парақшаларында ислам тақырыбында талқылауларға ұсыныс тастап, тәжік билігін ашық сынап келген Сулаймон Давлатовты биыл 5 сәуірде Литваның күш органдары қамап, оны босқын мәртебесінен айырған. Давлатов қазір Вильнюстағы заңсыз мигранттарды қамайтын арнайы абақтыда отыр. Ол Тәжікстанға депортациялануы мүмкін.
Ол миграция қызметінің шешіміне қарсы сотқа өтініш беріп, Литвадағы босқын мәртебесін қалпына келтіремін деп үміттенеді. Сот оның арызын маусым айының басында қарауы мүмкін.
"Сәуірдің ортасында миграция қызметкерлері келіп, Вильнюста Палестинаны қолдау митиңгіне қатысқаным туралы сұрақтар қойды. Мен бұл акцияға қатыстым, бірақ ешқандай террористік топты қолдаған емеспін. Мен соғысқа қарсы шығып, соғыста құрбан болған бейбіт халықты, балаларды қолдап шықтым. Менен Иранның Израильге жасаған шабуылы жайында сұрады. Мен соғысқа қарсы екенімді айттым. Олар менен Ресей мен Украина арасындағы соғыс туралы пікірімді сұрады. Мен Украинаны қолдаға акцияларға қатысқанымды айттым", - деді белсенді.
Ол Тәжікстанда тыйым салынған "Группа 24" ұйымының мүшесі болған. 2015 жылы Тәжікстаннан қашуға мәжбүр болған. Сол жылы Душанбе өтініші бойынша Финляндияда ұсталып, ол жақтан Санкт-Петербургқа жөнелтіліп, бірақ кейін босатылған.
2016 жылы Литваға көшіп, ол жақтан босқын мәртебесін алған. Соңғы 9 жылдан бері Вильнюста тұрады. Давлатовтың Литва орталығында өзінің мейрамханасы, дүкені және наубайханасы бар. Үш баланың әкесі.