Human Rights Watch, Норвегия-Хельсинки комитеті (Norwegian Helsinki Committee) және Адам құқықтары бойынша халықаралық әріптестік (International Partnership for Human Rights) ұйымдарының бірлескен мәлімдемесі 3 мамырда жарияланды.
Құқық қорғаушылар атап өткендей, олардың қолындағы мәлімет бойынша Сухроб Зафар Тәжікстанның тергеу абақтысында отыр. Ол түрмеде азапталған, медициналық көмек алу мүмкіндігінен айырылған.
"Сухроб Зафар азаптаулардан кейін жүре алмай қалғаны туралы ақпараттар келіп жатыр", - деді Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Сыйнат Султаналиева.
2014 жылдан бері Түркияда тұрып келген Сухроб Зафар биыл наурыз айының басында Стамбұлда ұшты-күйлі жоғалып кеткен. "Группа 24" қозғалысының мәліметіне қарағанда, оны соңғы кезде белгісіз біреулер қорқытып жүрген.
Биыл ақпан айында Стамбұлда "Группа 24" қозғалысының 39 жастағы лидері Насимжон Шарифов та жоғалып кеткен. Оның қазір қайда екені әлі күнге дейін белгісіз.