Тәжікстан үкіметі Байланыс қызметіне қарасты "Тәжіктелеком" мен "Радиомониторинг және электромагниттік сәйкестік орталығының" шамамен 135 млн сомони (12,7 млн доллар) берешегін кешіру жөнінде қаулы қабылдады.
Айта кетерлік жайт, Байланыс қызметін Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның құдасы Бег Сабур басқарады.
Үкімет байланыс қызметіне қарасты компаниялардың берешегін бұған дейін де кешіріп келген. Мәселен, 2022 жылы билік "Тәжіктелекомға" салық жеңілдіктерін берген. Ал 2021 жылы "Тәжіктелеком" салық төлеуден босатылған.
Енді, үкімет жеңілдіктеріне қарамастан, компаниялар салықты төлей алмағаны, сол себепті билік берешекті кешіре салғаны мәлім болып отыр.
"Азия-Плюс" мәліметінше, "Тәжіктелеком", "Тачтаи Точик" компаниялары 2024 жылдың алғашқы жартысында 124 млн сомони ($11,6 млн) табыс тапқан.