Кітап мазмұнында ашық дүниелер болғандықтан, үш баспа оны басудан бас тартқан.
Меруерт Алонсо – бұл оның бүркеншік аты емес. Жазушының өзі Қазақстанда туып-өскен. Күйеуі испаниялық. Олар Қазақстанда танысқан. Бірақ отбасы әртүрлі елдерде тұрып келген. Оның ішінде Перуде бес жыл тұрған. Осында тұрып, үнділердің аңыздарына қызығып, магиялық реализм жанрында кітап жазғысы келген. Күйеуі оған жазу машинасын сыйға тартқан.
"Біз Перуде тұрғанда, балалар кітабы болмады. Онда мүлдем орыс тілінде кітаптар болмады. Сол кезде мен кітап жазуды ойладым. Романды төрт жыл бойы жаздым. Түркілердің латынамерикалықтарға өте көп ұқсастығын байқадым",- дейді Меруерт.
Оның сөзінше, бұл романда Қазақстан, Перу, Англия, Испания және Өзбекстанда тұратын бірнеше басты кейіпкер бар. Жазушының өзі аталған елдерде тұрған. Романын қазақстандық баспаларға ұсынғанда, жыныстық қатынас жайлы ашық суреттелгені үшін олар басудан бас тартқанын айтады.
Тек төртінші баспаға барған кезде, кітабын басуға келіскен.
"Менің кәмелетке толмаған үш балам бар. Олардан некеде және неке сыртында жыныстық өмір барын жасыру түсініксіз. Бұл өмірдің бір бөлігі. Кітапта порнография жоқ. Егер болса, онда SBN" (International Standard Book Number, халықаралық стандартты кітап нөмірі – ред.) болмас еді", - дейді жазушы.