Қазір Шарқан-Сай су арнасы арқылы үлкен көпір салынып жатыр. Тараптар шекара бекеттерін ашуды көздейді.
Ош облысының басшысы Құрбанбек Айтибаевтың айтуынша, көпірді жөндеу шығынын Өзбекстан жағы көтереді. Осы аралықтағы шекара бекеттері іске қосылса, онда «Достық» шекара бекетінің жұмысы біршама жеңілдейді. Осы бекетте үнемі кезек көп. «Ынтымақ» көпірінің ашылуы жолаушыларға да, көлік жүргізушілерге де тиімді.
«Шарқан-Сай» және «Ынтымақ» бекеттері 14 жыл бұрын жабылып қалған. Қырғызстанның Ош облысы мен Өзбекстанның Әндіжан облысында тұрғындар «Достық» бекеті арқылы қатынайды. Шекара қызметінің мәліметінше, күнде осы бекеттен кем дегенде 18-22 мың адам өтеді.
Қырғызстанның Ош облысы Қара-Суй ауданының Өзбекстанмен шекарасында екі шекара бекеті бар. Бірақ олар біраз жылдан бері жабық тұр.