Ссылки доступа

“Орденді ақтаймыз": Өзбек сенаты спикерінің Кремльге уәдесі сынға ұшырады


Өзбекстан парламенті сенатының төрайымы Танзила Нарбаеваның ресейлік әріптесі Валентина Матвиенкодан "Достық" орденін алу кезіндегі айтқаны әлеуметтік желі қолданушыларының сынына ұшырады.

Ресей президенті Владимир Путиннің Нарбаеваға сыйлығы 28 қыркүйекте Самарқанд қаласында ТМД Парламентаралық ассамблеясының 54-отырысында табысталды.

Ресей Федерациясы Кеңесінің қызметіне қарасты Senatinform.ru сайтының хабарлауынша, Өзбекстан парламенті Жоғары палатасының төрайымы мұндай марапатқа ие болу "үлкен құрмет" екенін айтып, Путинге алғыс білдірген. "Ресей президенті Владимир Путинге шынайы алғыс білдіргім келеді. Біз бұл орденді міндетті түрде ақтаймыз", - деп мәлімдеген сенат спикері.

Өзбекстан басшылығындағы екінші адам саналатын сенат спикерінің Кремльден орден алып, "міндетті түрде ақтаймыз" деуі әлеуметтік желідегі белсенділердің наразылығын туғызды.

"Бұл не, міндетті түрде ақтауды талап ететін аванс па?" - деп сұрайды ташкенттік журналист Сардор Сәлім фейсбуктегі парағында.

Танымал блогер Санжар Қожаның пікірінше, елдегі 45 жастан асқан адамдар, соның ішінде Нарбаева да, отан туралы айтқанда әуелі КСРО туралы ойлайды.

"Әпке, алдымен халық алдындағы сеніміңді ақтап ал!", - бұл экономист Барногүл Санақұлованың сенат спикеріне кеңесі.

Әлеуметтік желі қолданушылардың дені спикерден ресми жауап талап етті. Әзірге Жоғары палатаның ресми ақпарат арналарында, Танзила Нарбаеваның әлеуметтік желілердегі парағында бұл мәселеге жауап берілмеді.

XS
SM
MD
LG