«Армения Республикасы үшін демаркация нені білдіреді? Бұл Армения Республикасы қай жерде басталатынын табу дегенді білдіреді. Оның қай жерден басталып, қай жерден аяқталатынын сіздер менен жақсы білесіздер» деп мәлімдеген Пашинян Армения аумағы белгіленген макетті көрсетті.
Пашинян «соғыс болмас үшін» армян билігі Армения мен Әзербайжан арасындағы шекараны делимитациялау және демаркациялау процесін бастау жөнінде шешім қабылдағанын атап өтті. Армян премьерінің айтуынша, арнайы комиссия «Армения Республикасы қай жерде басталатынын анықтаған соң ол мемлекет шекарасына айналады».
Кездесуге қатысқандардың Азаттықтың Армян қызметіне хабарлауынша, Никол Пашинян шекара ауылы тұрғындарын алаңдатқан мәселелерге нақты жауап бермеген, бірақ олар қауіптенген нәрселерді ескеруге уәде берген.
Тавуш ауданы әкімшілігінің басшысы Нвер Бегларянның айтуынша, шекарадағы Воскепар, Баганис және Воскеван ауылдары мен Ноемберян қаласының тұрғындары елді мекендерді Әзербайжанға беретін болса, жолды жауып, өзін қорғауға дайын отыр.
Ресми Баку бұның алдында шекарадағы Тавуш және Газах аудандарындағы төрт ауылды тез арада қайтаруды талап еткен. Пашинянның айтуынша, Әзербайжан қайтарып алғысы келетін төрт ауыл – Баганис Айрум, Ашаг Аскипара, Хейримли және Гезилхаджили заң жүзінде Армения аумағына кірмейді.
Шекарадағы армян ауылдарының тұрғындары «мұнда да Қарабақтағы оқиға қайталанады» деп қауіптенеді.
- Халықаралық құқық бойынша, Таулы Қарабақ – Әзербайжан жері. Аймақ 1990 жылдардағы соғыстан кейін Ереван қолдауына ие жікшіл армяндардың қолында еді. Үш жыл бұрынғы алты апталық соғыста Әзербайжан аймақтың едәуір бөлігін бақылауына алған.
- Биыл 19 қыркүйекте Әзербайжан әскери операция жасап, мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының үкіметін капитуляцияға мәжбүрлеп көндірген. Қуғын-сүргін болуы мүмкін деп сескенген армяндар жаппай үйлерін тастап, Арменияға кеткен. БҰҰ мәліметіне қарағанда, 120 мың армяннан бірер аптаның ішінде мыңнан астам ғана адам қалған. Ереван халықтың жаппай қоныс аударғанын қысым деп атаған. Ал Әзербайжан билігі армяндарды қала беруге, Әзербайжан қоғамымен араласуға шақырған.
- 28 қыркүйекте мойындалмаған республиканың құрылымдары өз-өзін тарататынын жариялады. Қазан ортасында президент Ильхам Әлиев Ханкенді (Степанакерт - мойындалмаған Таулы Қарабақтың бұрынғы астанасы) қаласында Әзербайжан туын көтеріп, осылайша Баку Қарабақты толық қайтарып алғанын білдірген.