"Бүгін Ресейде әділетсіз тұтқында болған үш америкалық азамат және бір америкалық грин-карта иесі үйіне қайтып жатыр. Олар - Пол Уилан, Эван Гершкович, Алсу Құрмашева және Владимир Кара-Мурза", – деді Байден.
Оларға бостандықты қамтамасыз еткен келісім дипломатияның жеңісі деді.
"Жалпы Ресейден 16 адамды босату жөнінде келістік. Олардың арасында бес неміс, жеті Ресей азаматы бар. Бәрі саяси негізде тұтқынға алынған. Олардың біразы жылдар бойы әділетсіз қамауда отырды. Бүгін олардың қайғысы аяқталды", - деді АҚШ президенті.
Ол күрделі келіссөзге қатысқан АҚШ одақтастары Германия, Польша, Словения, Норвегия және Түркияға алғыс айтты.
Ресей босатқан азаматтардың туыстары, соның ішінде Алсу Құрмашеваның күйеуі Павел Буторин (ол да Азаттықта жұмыс істейді), қыздары Бибі мен Мириям да Байден өткізген баспасөз мәслихатына қатысты.
Босатылғандар арасында The Wall Street Journal басылымының тілшісі Эван Гершкович, америкалық Пол Уилан, оппозициялық саясаткер, Ресей және Британия азаматы Владимир Кара-Мурза аталды. The Wall Street Journal тілшісі босатылғанын растады.
Бұған қоса Ресей жағы 10 саяси тұтқынды шығарды. Олардың арасында мыналар аталады:
- Саясаткер Илья Яшин
- "Открытая Россия" өкілі Андрея Пивоваров
- "Мемориал" өкілі Олег Орлов
- Суретші Александра Скочиленко
- Навальныйдың Уфадағы штабының басшысы Лилия Чанышева
- Навальныйдың Томскідегі штабының басшысы Ксения Фадеева
- Тыңшылық үшін ұсталған жасөспірім Кевин Лик (Ресей және Германия азаматы)
- велобелсенді Герман Мойжес
- Навальныйдың Барнаулдағы штабының басшысы Вадим Останин.