Ссылки доступа

Ереванда наразылық акциясы кезінде 170 адам ұсталды


Арменияда премьер-министр Никол Пашинянның қызметтен кетуін талап еткен акциялар жалғасып жатыр. Азаттықтың армян қызметінің мәліметіне қарағанда, 13 мамырда түске дейінгі аралықта ұсталғандардың саны 171-ге жеткен. Кейін олардың 156-сын босатқан.

Ереванда наразылық акциясы 9 мамырда басталған. Оны Армян Апостол шіркеуінің Тавуш епархиясының басшысы, архиепископ Баграт Галстанян бастап, елді үкіметке бас имеуге шақырған. Мыңдаған адам шыққан митингде Пашинян үкіметі көрші Әзербайжанмен шекарадағы таласты төрт ауылды әзери тарапқа ешқандай кепілдік алмастан өткеріп бергені айтылған.

Армян сыртқы істер министрлігі Ереван және Баку Арменияның Тавуш облысы және Әзербайжанның солтүстік-батысындағы Газах ауданы ортасындағы төрт ауылдың аймақтық тиесілігі бойынша бастапқы келісімге жеткенін ресми мәлімдеген. 1990- жылдардың басынан бері бұл ауылдар Арменияның бақылауында болып келді. Енді қазір Әзербайжан тарапқа өтті.

Пашинян еліндегі жағдайға байланысты пікір білдірмеді.

Бірақ сарапшылар соңғы митингтер Пашинян Ресей жетекшілік ететін Ұжымдық қауіпсіздік келісім ұйымынан шығып жатқанын айтқаннан кейін басталғанына мән беріп жатыр.

30 сәуірде армян парламенті отырысында депутаттар Пашинянның отставкасын талап етіп және елді наразылыққа үгіттеп жүрген 52 жастағы архиепископ Галстанянды "Ресей тыңшысы" деп атап, оны Әзербайжанмен "араздықты қоздырып жатыр" деп айыптаған.

XS
SM
MD
LG