Усмонзода 12 маусымда Душанбеде «билікті басып алуға әрекеттенді» деген күдікпен ұсталған.
Прокуратура өкілі Азаттықтың Тәжік қызметіне Усманзода ісі құпия қаралатынын, сол себепті осы іске қатысты мәлімет бере алмайтынын айтқан.
14 маусымда Тәжікстан бас прокуроры Юсуф Рахмон парламенттің төменгі палатасының кезекті отырысында депутаттардан Усмонзоданы депутат құзыретінен айыруды сұраған. Отырысқа қатысқан депутаттардың бәрі прокуратура өтінішін қолдап, Усмонзоданы ұстауға келіскен.
Юсуф Рахмонның мәлімдеуінше, бас прокуратура саясаткерді және басқа да адамдарды Тәжікстанда билікті басып алуға әрекеттенді деп айыптайды.
Усмонзодадан басқалары кімдер екені әзірге белгісіз. Бірақ сол күні Тәжікстанның бұрынғы сыртқы істер министрі Хамрохон Зарифи ұсталғаны мәлім. Дереккөздердің бірі оның қамауға алынуын Усмонзода ісімен байланыстырса, тағы бір дереккөз экс-министр экономикалық қылмысы үшін қолға түсті деп отыр. Ресми мекемелер мәлімет бермей отыр.