Данияр Әділбеков биыл наурыз айында ұсталды. Жуналисті қамауға алу әрекеті терроризммен күрес операциясына көбірек ұқсайды: оның көлігін тоқтатқан 14 адамның арасында арнайы жасақтың қарулы сарбаздары да болған. Журналисті ұстаған сәтте оған адвокатқа хабарласуға мүмкіндік бермеген.
Артынша оның үстінен энергетика министрінің орынбасары Ерлан Ақкенжеев арызданғаны мәлім болды. Шенеунік Әділбековті, оған ақпарат беруші мұнай трейдері Ерлан Саудагеровті жала жапты деп айыптады.
Әділбеков телеграм-арнасына жариялаған материалында Vitol компания туралы баяндаған. Мәліметте компания мұнай шикізатын арзан бағамен сатып алып, оны шетелге қымбатқа сататыны, министрдің орынбасарының әкімшілік ресурсын пайдаланатыны айтылған. Шенеунік күмәнді схемаға қатысы барын жоққа шығарып отыр. Алайда өзінің қатысы жоғына ешқандай дәлел келтірмеді, ал тергеу журналист сөзін әлі күнге дейін жоққа шығара алмай отыр, дейді журналистің адвокаты Әділжан Мауытқанов.
"Үш айдың ішінде тергеушілер Әділбеков жазбасындағы мәліметтерді жоққа шығаратын дәлел таппады" дейді қорғаушы.
Журналистің өзі үстінен қозғалған істі "тапсырыспен" ашылған, қолдан құрастырылған деп есептейді. Биыл мамырда оннан аса журналист президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, Әділбековті қамаудан босатуды сұраған.