"Жоспарды әлі де жетілдіру керек. Бірақ біз барлық тұтқынның босатылғанын қалаймыз", - деген Фальк. Бірақ ол ХАМАС террористік ұйым (АҚШ пен ЕО-да террористік ұйым деп танылған) ретінде геноцидке жауапты деді.
31 мамырда АҚШ президенті Джо Байден Газа секторында атысты тоқтату және израильдік тұтқындарды босату бойынша жаңа жоспарын таныстырған. Ол палестиналық ХАМАС тобын бұл ұсынысты қабылдауға үндеді. Америка президентінің сөзінше, араағайындық жасап жүрген Катар өкілдері ұсынысты ХАМАС-қа жеткізген.
Жоспар үш кезеңнен тұрады. Алты аптаға созылатын алғашқы кезеңде атыс толық тоқтатылып, Израиль әскері Газа секторындағы барлық елдімекендерден әкетіледі. Израильдік тұтқындардың бір бөлігі босатылады, есесіне Израиль жағы да жүздеген палестиналық тұтқындарды қамаудан шығарады. Екі жақ мәйіттермен де алмасуы керек.
"Палестинаның бейбіт тұрғындары Газа секторындағы үйлеріне оралады. Гуманитарлық көмек ұлғайтылады: Газаға күн сайын 600 жүк көмек жеткізілмек" деді Байден. Оның сөзінен The Times of Israel үзінді келтіреді.
Екінші кезең атысты түпкілікті түрде тоқтатуды қарастырады. Бұл кезеңде барлық тұтқын босатылып, Израиль әскері Газа секторынан тұтас кетеді.
"Үшінші кезеңде Газа секторын қалпына келтіру жұмыстары басталады және қаза болған тұтқындардың мәйіттері отбасыларына берілмек" деді Байден.
АҚШ президенті Израильде әрдайым қатерден қорғану құқығы болмақ деді.
"Егер ХАМАС келісімдегі міндеттерді орындамаса, Израиль әскери операцияларды қайта бастай алады. Алайда Египет пен Катар ХАМАС мұндайға бармаc үшін жұмыстарды жалғастыра береді деп сендіруге тырысты" деді ол.
Байденнің мәлімдемесінен кейін Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың кеңсесі мәлімдеме жасап, Нетаньяху ХАМАС-қа жаңа келісім шарттарды таныстыратын келіссөз тобын жасақтағанын хабарлады. Мәселе Байденнің жоспары жөнінде болып отыр ма, жоқ па, ол жағы белгісіз.
Египет пен Катар және өзге елдердің араағайындық етуімен атысты тоқтату туралы келіссөз талай тығырыққа тіреліп, Израиль мен ХАМАС бір-бірін кінәлаған.