Журналистер Ресейге сатуға тыйым салынған тауар қазақстандық компанияның тапсырысымен алынып, Беларусь арқылы жеткізілгенін анықтаған.
Ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлықты зерттеу орталығы (OCCRP) және Buro Media мен Verstka басылымдары жүргізген жаңа зерттеу Ресейдің Украинаға қарсы соғыс ашқанына екі жыл толар қарсаңда жарияланды. Зерттеушілер әскери қаруға қажет бөлшектер жасауға қолданылатын жоғары технологиялық құрал-жабдықты Еуропадан Ресейге жеткізудің жасырын жолын әшкерелеген.
Зерттеу авторлары Кремль Украинаға қарсы соғыс бастағаннан бері өткен екі жылда Батыс елдері тарапынан Мәскеудің әскери агрессиясына тоқтау салуға бағытталған көптеген санкциялар енгізілгеніне қарамастан, Ресейге сатуға тыйым салынған жоғары технологиялық тауарларды шетелден түрлі қитұрқы әдіс-амалмен жеткізу жалғасып жатқанын айтады.
Buro Media, Verstka және OCCRP зерттеушілері Ресей сондай әдістерінің біріне – "жалған транзит" схемасына өзімен бірге Еуразия экономика одағына (ЕАЭО) мүше Беларусь пен Қазақстанды ұтымды пайдаланған дейді. ЕАЭО шартына сәйкес, бұл үш елдің арасында тауарлар кедендік тексеруден өтпей, еш кедергісіз тасымалданады.
Зерттеуде қазақстандық компания Еуропадан жартылай өткізігіштер мен басқа да тауарлар сатып алуға тапсырыс бергені, бірақ оларды Қазақстанға емес, Беларусь аумағындағы уақытша қоймаға жеткізіп, кейін Ресейге кіргізгені айтылған. Журналистер қолға түсірген хатта қазақстандық компания Беларусьтегі қоймадан кейбір тауарды Орталық Азия арқылы емес, Ресейге тікелей жіберуге пәрмен бергені жазылған.
Батыстың санкция тізіміндегі тауарларды Ресей осы елдер арқылы алып отырғанын OCCRP мен Buro Media бұған дейін жариялаған басқа зерттеуінде де баяндаған еді. Ал бұл жолы жаңа зерттеуде тыйым салынған тауарларды қитұрқы жолмен тасымалдауға Қазақстан да, Беларусь та қатысып отырғанын айтады.
Ресейдің кеден қызметінің деректеріне қарағанда, сол елдің әскери-өндірістік кешенімен келісім-шартқа отырған ресейлік компаниялар осы қитұрқы жолды пайдаланып, Ресейге шамамен 5,9 миллион доллардың тауарларын жеткізген. Яғни, Батыс Ресейге сатуға тыйым салған жоғары технологиялық тауарлар осылай алынған.
"Әскери мақсатқа пайдаланылатын негізгі тауардың көбі Беларусь арқылы өтеді. Түркия сияқты, бұл елдің аумағы да санкция тізіміндегі еуропалық тауарларды жеткізетін басты бағытқа айналған" дейді қауіп-қатерді бағалаумен айналысатын норвегиялық Corisk консалтинг фирмасының негізін қалаған әрі бас директоры Эрленд Бьёртведт.
Оның сөзінше, Қазақстан немесе Қырғызстанмен салыстырғанда, мұндай істе Беларусь өзгеше роль атқарады.
"Беларусь – [санкция тізіміндегі тауарларды] енгізетін негізгі орын. Санкция салынған тауарларды... Солтүстік Еуропадан Беларусь арқылы Орталық Ресейге тасымалдайды" деп түсіндіреді ол.
"Орталық Азия мемлекеттерінің атқаратын ролі басқадай, – дейді Эрленд Бьёртведт. – Олардың сауда компаниялары делдал болып қатысады, бірақ іс жүзінде санкция салынған тауарлар бұл елдер арқылы өтпейді".
Литва, Польша және Германия елдерінің 2022 жылғы және 2023 жылғы коммерциялық мәлімттерін зерттеп шыққан Corisk сарапшылары шамамен он миллиард еуроның тауарлары Ресейге Беларусь арқылы жеткізілгенін анықтаған: не оларды тікелей Беларусьқа жеткізіп, кейін қайта сатқан, немесе транзит жүк ретінде сол елдің аумағы арқылы жөнелткен.
"Экспорттық қадағалау тиімді болу үшін, Беларусьқа қатысты санкциялар тура Ресейге салынған санкциялар сияқты болғаны жөн", – дейді Норвегияның Хельсинки комитетінің аға кеңесшісі Оге Борхгревинк.
"Қазір Беларусь аумағындағы саңылаудың үлкендігі сонша, ол арқала Батыстан Ресейге жүк көліктері мен автомобильдер колоннасы және өзге де тауарлар өтіп кете алады. Ал кейін бәлкім, сол заттар Украинадағы майдан даласынан бір-ақ шығуы мүмкін, – дейді ол. – Санкция режимдерін кеңесіп алған жөн деп ойлаймыз, өйткені Беларусь әу бастан Ресейдің ең маңызды әрі сенімді одақтасы болды. 2022 жылы Киевке шабуыл дәл сол жақтан басталған".
Ресей әскерін жабдық жеткізетін көптеген жеке меншік компаниялардың арасында жоғары технологиялық өндіріс орындарын қамтамасыз ететін "Остек" конгломераты бар деп жазады зерттеу авторлары. "Остек" қару-жарақ шығармайды, бірақ ондай іспен айналысатын өзге мердігерлерге жабдық жеткізіп, қызмет көрсетеді. Клиенттерінің арасында ресейлік бірнеше ірі әскери мердігер бар. "Остек" Ресей армиясы қолданатын "Точка-У" және "Искандер-М" зымыран кешендерін жобалап, шығарған кәсіпорынға шетелден жоғары технологиялар жеткізіп, техникалық қызмет көрсеткен. "Остек" – Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешенін радиокоммуникциялық жабдықтармен қамтамасыз ететін маңызды ұйымдардың бірі және қорғаныс саласындағы ірі конгломераттардың бірі – "Ростех" иелік ететін Рязань радиозауытының жабдықтаушысы әрі мердігері. Бұған қоса, компания Украинаға қарсы соғыста қолданылып жатқан бомбаларды шығаратын Мәскеудің орталық химия және механика ғылыми-зерттеу институтының тендерлерін жеңіп алған. Институт зиянкес бағдарлама жасап шығаруға қатысы болғаны үшін 2020 жылы АҚШ-тың санкциясына ілінген.
Зерттеушілер қолға түсірген Ресей кеден қызметінің деректеріне қарағанда, 2022 жылғы ақпанға дейін "Остек" әлемнің көптеген елінде шығатын тауарларды Ресейге тасымалдаған. Арасында Португалия, Словения, Бельгия мен Германия сияқты Еуропа елдері бар. Мәскеу Украинаға соғыс бастағаннан кейін және Батыс санкциялар енгізбей тұрып халықаралық компаниялардың көпшілігі Ресеймен байланысын өз еркімен үзген. Бірнеше аптаның ішінде "Остек" компаниясының Еуропадағы серіктестерінің біреуінен басқасының бәрі оған тауар беруді доғарған.
Польшаның Седльце қаласында орналасқан, Германияның BMA Spedition GmbH логистика фирмасы басқаратын "Интер-Транс" компаниясы соғысқа дейін ресейлік конгломераттың негізгі жабдықтаушысы болатын. Компания акцияларының мажоритар пакеті Белорусь кәсіпкері Евгений Костюктің иелігінде еді. 2022 жылы "Интер-Транс" "Остекке" кемінде 24 миллион доллардың, яғни конгломераттың жылдық импорт көлемінің шамамен жартысына тең болатын тауар берген.
Ресей Украинаға басқыншылық жасағаннан кейін Еуропа Одағы санкциялар енгізгеннен кейін "Остек" тауар жеткізудің балама жолын пайдаланды дейді зерттеу авторлары. Оған Беларусь пен Қазақстанның да қатысы бар.
Костюктің ресейлік "Миртранс" фирмасы 2014 жылы Қазақстанда "КБР-Транс" деген еншілес компания құрған. 2022 жылы мамырда "КБР-Транс" директоры Жанат Ибраев "КБР-Технология" деп аталатын қазақстандық жаңа компанияның құрылтайшыларының бірі болды. "Остек" осыған дейін "Интер-Транс" компаниясынан алып келген жоғары технологиялық тауарларды енді "КБР-Технология" компаниясы жеткізе бастады. Осылайша алынған әлгі тауарлардың арасында негізінен Оңтүстік Кореяда жасалатын, жартылай өткізгіштер өндіретін жабдықтардың алты партиясы болған. Бұл қазақстандық компанияның Беларусь арқылы тауар жөнелткенін зерттеуші журналистер анықтаған алғашқы оқиға еді.