Кейінгі алты жылда екінші рет ауысып отырған жаңа дресс-код туралы ереже жақын күндері жарияланады. Тамызда Душанбеде жаңа киім үлгісін көрсететін арнайы шара өтеді.
Дін істері және дәстүрді реттеу комитетінің басшысы Сүлеймен Дәулетзода осы аптада ел астанасында өткен баспасөз конференциясында мәдениет министрлігі, әйелдер комитеті мен дін істері жөніндегі комитет бірлесіп, ұлттық құндылықтарға сай келетін киім үлгісін дайындап жатқанын хабарлады.
Маусымда Тәжікстан “ұлттық мәдениетке сәйкес келмейтін” киімдерге тыйым салған. Шенеуніктер ислам үлгісіндегі киімді “ықтимал экстремизм белгісі” көріп, құптамайды.
Өткен аптада мемлекет қолдайтын Ислам кеңесі діни жарлық — пәтуа шығарды. Онда әйелдерге қара түсті немесе денеге жабысып тұратын, адамның денесі көрініп тұратын ашық киімдер киюге тыйым салынған. Тәжікстан билігі “қара киім” деп, ислам үлісіндегі хиджабты меңзеп отыр.
26 шілдеде шыққан пәтуада “қара түс ұлттық және географиялық ерекшелігімізге сай келмейді” делінген. Онда тәжік әйелдеріне көйлек, шалбар мен орамалдан тұратын ұлттық киім киюге кеңес берілген.
Діни пәтуада тәжіктердің ұлттық киімі ислам талабына сай келеді, әйелдің әурет жерлерін толық жабады деп түсіндіріледі.
Құқық қорғау ұйымдары елді 30 жылдан бері басқарып келе жатқан президент Эмомали Рахмонды тәуелсіз ақпарат құралдарына қысым көрсетіп, саяси плюрализм мен дін еркіндігін жойды деп айыптайды. Билік мемлекет белгілеген нормадан тыс діни көзқарас пен іс-әрекетті Тәжікстанның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне қатер деп қабылдайды.
Тәжіктер, әсіресе, діни үлгіде киінетін қауым өкілдері маусымда хиджабқа тыйым салу, соңғы шыққан пәтуа мен әйелдерге арналған киім үлгісі жайлы ережені “пайдасы жоқ, шектен тыс қадам” деп бағалайды.
Тәжікстанда тұратын 10 миллион халықтың басым бөлігі — мұсылмандар. Үкімет орамалға қарсы науқанды 2007 жылы бастаған. Сол жылы білім министрлігі мектептер мен университеттерде қысқа белдемше мен хиджаб киюге тыйым салды.