Ссылки доступа

Өзбекстанда имамдарға әлеуметтік желілерге шығуға тыйым салынды


Өзбекстан мұсылмандары басқармасы имамдарға әлеуметтік желілерге шығуға тыйым салды. Бұған елдегі имамдардың кейбірінің Интернеттегі күмәнді жазбалары себеп болған.

27 мамырда Өзбекстандағы мешіттердегі имамдардың бәрі әлеуметтік желілерге кірмеу, ондағы жазбаларға «лайк» қоймау жөнінде ескерту алды.

Ташкент қаласы бас имамының көмекшісі Эргаш Рустамовтың аудандық бас имамдарға Telegram арқылы жолдаған аудиохабарында әлеуметтік желілердегі жазбаларға қатаң бақылау орнатылғаны туралы айтылған.

«Сәлеметсіздер ме, құрметті аудандық бас имамдар. Сіздерге тағы бір тапсырма – әлеуметтік желілерге кірмеңіздер. Біз бұны қатаң түрде қадағалаймыз. Бұның қажылыққа баратындарға да қатысы бар... Әлеуметтік желілердегі басқа да түрлі тақырыптардағы жазбаларға «лайк» қоюға болмайды» дейді Рустамов.

Имамдар діни басқарма шешімін олардың қызметіне мемлекет бақылауының күшегенін білдіреді деп есептейді.

Ташкент қаласындағы бір имамның мәлімдеуінше, имамдарды Интернетке кіргізбеу арқылы шектеу ар-ұждан бостандығы туралы заңға қайшы.

«Мүфтияттың бұйрығы дейді. Біздің аяқ-қолымызды байлап тастап жатыр» деді ташкенттік имам. Қудалаудан сескенген ол аты-жөнінің мақалада аталуын қаламады.

Кейінгі уақытта елде бірнеше имам қызметтен босатылды. Діни басқармадағылардың пікірінше, олар өзінің қызметіне сай болмай шыққан.

Бұған дейін мәлім болғандай, Өзбекстанда мешіт имамдары мен олардың орынбасарларынан шетелге шығатын паспортын діни басқармаға тапсыруды талап еткен. Себеп – имамдардың шетелге шығуына жол бермеу.

Мәліметтерге қарағанда, Өзбекстанда 16 конфессияның 2285 діни ұйымы тіркелген. 2098 ұйымның ислам дініне, қалған 188 ұйымның басқа да діни ағымдарға қатысы бар.

Өзбекстан конституциясында дін мемлекеттен бөлек екені жазылған. Діни ұйымдар мен конфессиялардың қызметі «Діни ұйымдар және ар-ұждан бостандығы туралы» заңмен реттеледі.

XS
SM
MD
LG