Ссылки доступа

Тәжікстанда билік ауысады деген сыбысты жоққа шығарды


Хайриддин Усмонзода
Хайриддин Усмонзода

Тәжікстан президентіне қарасты стратегиялық зерттеу орталығының басшысы Хайриддин Усмонзода елде билік ауысуы мүмкін деген сыбысты жоққа шығарды. 31 шілдедегі баспасөз конференциясында ол «қазір парламент сайлауына ғана дайындық жүріп жатыр» деп мәлімдеді.

Республикада билік ауысуы мүмкін деген сыбыс бұрынғы саясаткерлер мен шенеуніктердің бірқатары ұсталып, саяси партиялардың кейбірінің басшысы ауысқаннан кейін жиі айтыла бастаған.

«Әр елде билік заң құжаттарына сай жүзеге асады. Тәжікстан Республикасының сайланған президентіне белгілі бір мерзімге құзырет беріледі. Мерзім түгесілген соң заң тәртібіне сай сайлау өтеді» дейді Усмонзода.

Оның пікірінше, президентті қандай да бір саяси шешім негізінде емес, сайлау барысында таңдайды. «Сайлау нәтижесі кімнің қалай дауыс бергеніне байланысты».

Жергілікті және шетелдік сарапшылар қазіргі президент Эмомали Рахмон билікті ұлы Рустам Эмомалиге табыстауы мүмкін деген болжам бірнеше жылдан бері айтылып жүр. Рустам Душанбе қаласын басқарады, парламеттің жоғарғы палатасына төрағалық етеді.

Эмомали Рахмон Тәжікстанды 32 жыл бойы билеп келеді. Оның билігін созу үшін конституцияға бірнеше мәрте өзгеріс енгізілген. Президенттің үлкен ұлы Рустам Эмомали Тәжікстандағы екінші адам. Мемлекет басшысы қайтыс болса, қызметтен кетсе, онда жаңа президент сайланғанша билік Рустамның қолына өтеді.

XS
SM
MD
LG