Ссылки доступа

FT: Мәскеуде Киевпен тұтқын алмасу бойынша келіссөз басталды


Украина Жоғарғы радасының Адам құқықтары бойынша өкілі Дмитрий Лубинец.
Украина Жоғарғы радасының Адам құқықтары бойынша өкілі Дмитрий Лубинец.

Мәскеуде Курск облысында украин армиясы тарапынан ұсталған тұтқындарды қайтару бойынша Киевпен келіссөз басталды деп жазады Financial Times. Бұл ақпаратты Украинаның әскери барлау қызметі растаған.

Украина Жоғарғы радасының Адам құқықтары бойынша өкілі Дмитрий Лубинец 14 тамызда өзімен ресейлік омбудсмен Татьяна Москалькованың хабарласқанын мәлімдеді.

Лубинецтің сөзінше, тараптар тұтқын алмасу бойынша келіссөзді жалғастыруы мүмкін.

Курск облысында нақты қанша ресейлік әскердің ұсталғаны әзірге белгісіз. Украина тарабы жүзден астам дейді.

Украина қарулы күштерінің бас командиры Александр Сырский Ресейдің Курск облысындағы 82 елдімекен (аумағы 11500 шаршы шақырым) Украина бақылауына өтті деп мәлімдеді. Сырский бұл туралы бүгін, 15 тамызда Украина президенті Зеленскиймен кездесуде айтты.

Ол Курск облысында бірінші әскери коментатура құрылғанын, оны генерал-майор Эдуард Москалев басқаратынын жеткізді.

Украина 6 тамызда күтпеген жерден Ресейдің Курск облысына басып кірген. Кеше, 14 тамызда Украина әскері Курск облысындағы 74 елдімекенді бақылауға алғанын айтқан еді. Украина президенті Владимир Зеленский қолға түскен ресейлік сарбаз көп екенін мәлімдеген.

Ал Курск облысының билігі 13 тамызда Ресей президенті Владимир Путинге Украина әскері тек 28 елдімекенді бақылауда ұстап отыр деді. Бұдан кейін Ресей тарапынан қанша елдімекен Украина бақылауында екені айтылған жоқ.

XS
SM
MD
LG