Ссылки доступа

Ислам Каримовтің бұрынғы құдасы Өзбекстанды жемқорлық жайлағанын айтады


Саидикром Ахроров
Саидикром Ахроров

Өзбекстандағы бір рет пайдаланылатын шприц өндіретін алғашқы зауыттың негізін қалаған кәсіпкер елдегі жемқорлықты сынап, президент Шавкат Мирзияевтің реформа жүргізу туралы уәдесі орындалмағанын айтады.

1990-жылдары шприц шығаратын Mediz зауытын ашқан Саидикром Ахроров бұрынғы кәсіпорнын қайта іске қосуға тырысып жүріп, ірі көлемдегі қаржы алаяқтығына тап болған.

Ислам Каримов Өзбекстанды басқарып тұрған кезде өз еркімен елден кеткен 78 жастағы Ахроров 2016 жылы Шавкат Мирзияев билікке келгеннен кейін елге оралған. Өйткені жаңа президент бұрынғы билік тұсында оқшау, жабық мемлекет болған Өзбекстанда реформа жүргізіп, ашық елге айналдыруға уәде берген еді.

Ахроровтың бизнестегі жолы 1980-жылдардың аяғында басталған. Советтік Өзбекстан үкіметі оған бір рет пайдаланылатын шприц өндіретін зауыт салуды тапсырған.

Медициналық инженер мамандығы бойынша білім алған Ахроров ол кезде медицина құрал-жабдықтарын жеткізумен айналысатын UzMedTeknika мемлекеттік агенттігі басшысының орынбасары болып істейтін.

Ташкент жобаға 16 миллион доллар бөліп, Ахроровқа зауыт құрылысына бір жыл уақыт берген.

Ахроров Испаниядан инвесторлар мен мамандар тартып, Mediz зауытын салған. Зауыт 1991 жылы Өзбекстан тәуелсіздік алғаннан кейін ресми түрме ашылды.

Көп ұзамай Mediz зауыты жекешелендірілді. Ахроров зауыт директоры болып, кәсіпорын акциясының 40 пайызын сатып алған. Мемлекет қаржысына салынған зауыттың қалай жекешелендірілгені, Ахроров негізгі акционерге қалай айналғаны белгісіз.

Әу баста кәсіпорын жылына 100 миллион шприц шығарып тұрған. 2000-жылдарға қарай өндіріс қуаты 250 миллионға дейін жеткен. Ахроровтың айтуынша, Mediz миллиондаған айналымы бар табысты бизнеске айналған.

Бірақ 2003 жылы Ахроровтың ұлы Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың кенже қызы Лоламен ажырасқаннан кейін, бизнесте қиындықтар басталған.

"Осыдан кейін қысым басталды, – дейді Ахроров. – Өмір мен [бизнес] арасында таңдау жасауға тура келді".

Ахроров пен отбасы Өзбекстаннан кетіп, Испанияда тұрған. Кейін Біріккен Араб Әмірліктеріне көшіп барып, жылжымайтын мүлік саласында кәсіп бастаған.

Ахроров жартылай қираған зауытты қайтадан іске қоспақшы болған. Зауыттың жаңа иесі "Arjun Investment" акционерлік қоғамы Ахроровтан инвестор іздеуге көмек сұраған.

Ахроров бизнес-стратегия жасап жатқанда, зауыттың иесі ауысып кеткен.

Азаттық қолындағы құжаттарға қарағанда, 2019 жылы кәсіпорынды жақында құрылған MedPharm Co сатып алған. Бұл компанияны Turkiston Bank жеке коммерциялық банкі құрған.

– 2020 жылы маусымда Turkiston Bank басшысы Шерзод Мухиддинов пен оның көмекшісі Сардор Юнусов үйге келді. Олар "Зауытты банк сатып алды, жұмыс істемей тұр. Кәсіпорынды қайта аяққа тұрғызуға көмектесе аласыз ба?" деп сұрады, – дейді Ахроров.

Ахроров келісіп, жақсы мамандар жинап, 6 айда ескі кәсібін қайта жаңғыртуға кіріскен.

"Күн-түн демей жұмыс істеп, 4 айда зауытты қайта аштық", – дейді Ахроров.

Ахроровтың сөзінше, атауы Med Invest деп өзгерген жаңа кәсіпорын қайтадан табысты бизнеске айналған. 2020 жылы COVID-19 пандемиясы кезінде бір реттік шприцке сұраныс күрт артқан.

Зауыт үш ауысымда жұмыс істеген. Ахроров 1990-жылдары сатып алынған ескі құрал-жабдықтарды жаңасына ауыстыруды ұйғарған.

Экономика министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдардан рұқсат алғаннан кейін Ахроров Turkiston Bank-тен зауытқа жаңа жабдықтар алуға несие сұраған. Turkiston Bank кәсіпкерге несие бермей қойған.

Ахроров Бас прокуратурадан MedPharm және тағы 3 компания Med Invest зауытын кепілге қойып, 2022 жылы Turkiston Bank-тен несие алып, қарызын қайтара алмағанын естіген. Прокурорлар үш компанияны Central Flour, Raffles Place және Best Trend Doors деп атаған. Ахроров бұл фирмалар туралы ештеңе білмейді. Ол белгісіз фирмалар өзі басқаратын кәсіпорынды пайдаланып, қалай ірі көлемде несие алғанын түсінбей отыр.

Прокурорлар ұсынған құжаттарға сәйкес, MedPharm және Best Trend Doors 3,1 млн доллар және 3,9 млн доллар қарыз алған. Central Flour және Raffles Place алған несие көлемі белгісіз.

Turkiston Bank пен MedPharm банкрот деп жарияланды. Прокурорлар Med Invest активтері мен көлік құралдарын тәркілей бастады.

Шприц шығаратын Med Invest зауыты биыл қаңтарда екінші рет жабылды.

Мирзияев шетелде тұратын өзбек кәсіпкерлері мен мамандарын елге оралып, туған жерді дамытуға үндеген.

Бірақ Ахроров Мирзияевтің реформа жүргізу туралы уәдесі орындалмағанын, бизнестегі жемқорлық пен тонау Каримовтың кезінен де сорақы деңгейге жеткенін айтады.

"2003 жылы [елден кеткен кезімде] Өзбекстанда жемқорлық болды. Бірақ қазіргідей деңгейде емес еді, – дейді Ахроров. – Ол кезде адамдар банктен заңсыз несие алғаны үшін түрмеге түсеміз деп қорқатын. Қазір еш именбей қылмыс жасай береді. Оларды ешкім жауапқа тартпайды".

Ахроров 2016 жылы Өзбекстанда билік басына Шавкат Мирзияев келгеннен кейін елге оралып, шприц шығаратын ескі зауытына барған.

XS
SM
MD
LG