Ссылки доступа

Пашинян: Армения ҰҚШҰ-дан шығады


Армения премьер-министрі Никол Пашинян
Армения премьер-министрі Никол Пашинян

Армения премьер-министрі Никол Пашинян ел парламенті – Ұлттық жиналыста Ереван Ұжымдық қауіпсіздік шарты құрамынан шығатынын айтты. Бұл жөнінде Азаттықтың Армян қызметі хабарлады.

"Бұған көпіршік-альянсты құрғандар кінәлі, оның мүшелері шарттағы міндеттемелерін орындамады, Әзербайжанмен бірігіп, бізге қарсы соғыс жоспарлады" деді Пашинян.

ҰҚШҰ-ны сынағанымен, оның құрамынан неге шықпай жүрміз деп сұраған оппозициялық партиядан сайланған депутат сауалына жауап берген Армения премьері: "Біз [ҰҚШҰ құрамынан] шығамыз, қашан екенін шешеміз. Сіздің ойыңызша келесі қадам қалай болуы керек? Біз қайта барамыз ба? Басқа жол жоқ" деп мәлімдеді.

Биыл мамырда Армения билігі ұйымға қаржы қоспайтынын мәлімдеген. 8 мамырда Армения сыртқы істер министрлігінің өкілі Ани Бадалян "Армения ҰҚШҰ-ның 2024 жылғы бюджеті жөніндегі 2023 жылғы қарашадағы шешімге қол қоюды тоқтата тұрады, сондықтан келісімге қатысушы елдердің ортақ шараларын қаржыландыруды да доғара тұрады" деген.

Бір жылдан астам уақыт бойы Армения ҰҚШҰ-ның жоғары лауазымды басшыларының жиындарына, әскери жаттығулар мен басқа да ортақ шараларға қатыспай келеді. Армения премьер-министрі Никол Пашинян биыл ақпанда ұйым жұмысына қатысудан бас тартатынын айтқан.

Ұйымға мүше елдер Ереван ұстанымына назар салмаса, Армения оның құрамынан шығады деген пікірді Пашинян бұдан бұрын да бірнеше мәрте айтқан.

2022 жылғы қыркүйекте Әзербайжан Армениямен шекарада операция бастағанда Ереван Ресейден және ұйымның басқа мүшелерінен көмек сұраған. Армения билігі ҰҚШҰ-ға мүше елдер басшыларын өз өтінішіне құлақ аспады деп айыптаған. ҰҚШҰ мүшелері Арменияға әскери көмек көрсетуді жөн деп таппаған. Пашинян да, Арменияның басқа басшылары да Ресей қауіпсіздік саласындағы міндеттемелерін орындамағандықтан, елдің сыртқы саясатын "әртараптандырып" жатқанын айтып келеді.

Сыртқы жаудан, сын-қатерден бірлесіп қорғануды көздейтін, құрамына Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кіретін бұл ұйым өз тарихында бір рет – 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанға бірлескен әскер жіберген.

Мамырда Ресей сыртқы істер министрлігі Армения ҰҚШҰ-ның толық құқылы мүшесі екенін, өз міндеттемелерін орындауы тиіс екенін ескерткен. Оның алдында Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Никол Пашинянды Батыс мүдделеріне көбірек жұмыс істеп, "Ресей-Армения қарым-қатынасын бұзуға апаратын" әрекеттер жасап жатыр деп сынаған.

XS
SM
MD
LG