Ссылки доступа

Аягөз әскери гарнизоны бір офицер үйінен өлі табылды деп хабарлады


Абай облысы Аягөз әскери гарнизонына қарасты әскери бөлімдердің бірінде қызмет атқарып жүрген офицер үйінен өлі табылған. Бұл жөнінде 20 қыркүйекте Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі хабарлады.

"19 қыркүйекте жұмыстан тыс уақытта Аягөз гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қызмет ететін офицердің денесі үйінен табылды. Алдын ала ақпарат бойынша офицер өзіне-өзі қол жұмсаған. Оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Құрлық әскерінің қолбасшылығы әскери қызметкердің туған-туыстарына көңіл айтады" деп жазылған баспасөз қызметінің хабарламасында.

Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған. Алайда нақты бабы белгісіз. Аягөз әскери гарнизоны баспасөз қызметінің өкілі Азаттықпен телефон әңгімеде "әскери қызметкер көз жұмған жағдайда "өзіне қол жұмсауға итермелеу" бабы бойынша қылмыстық іс міндетті түрде қозғалатынын, кейінірек тергеу барысына қарай бабы ауыстырылуы мүмкін" екенін айтты.

Аты-жөнін айтпаған марқұмның туысының сөзінше, қайғылы оқиға Аягөз гарнизонындағы N10810 әскери бөлімде болған. 26 жастағы офицер әскери бөлімге 7 қыркүйекте ғана келген. 13 күннен кейін туыстарына оның қаза болғаны жөнінде суық хабар жеткен.

"Жалпы ол бала жоғары оқу орнын бітірген, ондағы әскери кафедраны тәмамдаған. Сол жерде запастағы лейтенант дәрежесін алып шыққан. Сосын оны екі жылға әскери қызметке шақырған. Әскери қызметке өзі сұранып барған. 7 қыркүйекте туыстары оны Қызылордадан шығарып салған. 9 қыркүйекте үйіндегі ортақ чатқа суретін салып, "бүгін аман-есен жұмысыма кірістім" деп жазған. Кеше кешке жақын сондай қайғылы жағдай болған. Бүгін таңертең туыстарына суық хабар жеткізілген" деді марқұмның туысы Азаттыққа 20 қыркүйекте.

Оның айтуынша, марқұмның туыстары "ол өзіне қол жұмсаған" деген сөзге күмән келтіріп отыр. Бүгін Өскемендегі туыстары Аягөзге қарай аттанбақ.

"Қайтыс болған баланың аға-әпкелерімен сөйлескенмін. Олар зейнеттегі үлкен кісілер. Олар "кеше ғана сап-сау болған бала... әскерге шығарып салғанына 10-11 күн ғана болған, қалай [өзіне қалай қол жұмсайды] деп түсінбейді... Ол өзі толық, жақсы отбасынан шыққан. Жоғары оқу орнын бітірген. Арал ауданында жастар ұйымында жақсы қызмет атқарған" деді туысы.

Аягөз әскери гарнизонының баспасөз қызметі тергеу амалдары жалғасып жатқанын, сараптама тағайындалғанын айтты.

Кейінгі жылдары ақпарат кеңістігінде Қазақстан армиясындағы қайғылы оқиғалар туралы хабар жиі шығады.

8 қыркүйекте Маңғыстау облысы "Оймаша" полигонындағы оқу-жаттығу жиынында кезекші Макаров тапаншасынан рұқсатсыз оқ атып, мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген қатардағы жауынгер жараланды деген ақпарат тараған. Бетіне оқ тиген сарбаз госпитальға бара жатқан жолда қаза болған.

XS
SM
MD
LG