Ссылки доступа

Қамауда отырған қырғыз ғалымы Жоомарт Қарабаев арнайы қызметтен қысым көргенін мәлімдеді


Жоомарт Қарабаев
Жоомарт Қарабаев

Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының бұрынғы қызметкері Жоомарт Қарабаев президентке хат жазып, араша сұрады.

Қарабаевтың үндеуін құқық қорғаушы Әзиза Әбдірасулова фейсбуктегі парағына жариялады.

Қамауда отырған ғалым хатта ҰҚМК тергеушілері қысым көрсеткенін жазған. Қарабаевтың айтуынша, тергеуші адвокат жоқ кезде онымен сөйлесіп, жазушы Олжобай Шәкірдің ісіне қатысты айтқандарынан бас тартуды талап еткен.

Адвокат Ақынбай Ноғойбаев Азаттыққа осы хатты Қарабаев жазып бергенін, ғалымның ісі Бішкектің Бірінші май аудандық сотына өткенін растады. Соттың алғашқы отырысы 8 қазанда өтеді. ҰҚМК әзірге Қарабаев үндеуіне қатысты ешқандай мәлімет таратпады.

Жоомарт Қарабаев шілде айынан бері қамауда отыр. "Қылым Шамы" құқық қорғау ұйымының хабарлауынша, ғалым ғылым академиясының жұмысымен келіспейтінін, "бірқатар қылмыстық істер бойынша сараптама дайындауға қатысудан бас тартқанын" бірнеше мәрте мәлімдеген. Құқық қорғаушы Гүлшайыр Әбдірасулованың айтуынша, Қарабаев "ҰҒА қылмыстық істерге қатысты сараптаманы арнайы қызмет өтінішіне сай дайындайтынын" жасырмай айтып жүрген.

Алайда ғылым академиясындағылар бұрынғы қызметкердің сөздерін жоққа шығарып отыр.

Арнайы қызмет Қарабаевқа "билік өкілдерінің заңды талаптарына бағындау, жаппай тәртіпсіздікке үндеу" бабы негізінде айып таққаны мәлім.

XS
SM
MD
LG