Ссылки доступа

Тәжікстанда мүфтиге жасалған қастандық "бұзақылық" деп сипатталды


Тәжікстан ішкі істер министрлігі елдің бас мүфтиіне жасалған шабуылды "бұзақылық" деп сипаттады.

Өткен аптада мешітте шабуылға ұшыраған мүфти әлі көпшілік алдына шыққан жоқ. Куәгерлердің айтуынша, пышақ оның шекесіне қадалған.

Соған қарамастан ІІМ Тәжікстан үлемдер кеңесінің төрағасы Саидмукаррам Абдулкодирзодаға жасалған шабуылды "бұзақылық" деуден аспай отыр.

Милициядағылар мүфти "жеңіл жараланды", оны ауруханадан сол күні-ақ шығарып жіберді дейді.

Биліктің хабарлауынша, күдікті қамауға алынған, бірақ оның кім екені, не себепті мұндай әрекетке барғаны әзірге жарияланбай отыр. Шабуыл жауапкершілігін ешкім мойнына алған жоқ.

Абдулкодирзода Тәжікстанда үкімет саясатын қолдайтын дін қызметкері ретінде танымал.

Алайда тәжікстандықтардың көбі Душанбе орталық мешітінде жасалған шабуылды кездейсоқ бұзақылық деп есептемейді. Көпшілік мұндай шабуылдың артында үкіметтің дінді шектеу саясатына наразылық тұр деп ойлайды.

Биыл шілде айында үлемдер кеңесі "қара киімге" қарсы пәтуа шығарған. Содан бірнеше күн бұрын парламент салт-дәстүрге "жат киімге" тыйым салатын заң қабылдаған.

XS
SM
MD
LG