Ол қазақ көкпаршыларына шақырту жолданғанын айтты. Жүнүсәлиев қырғыз бен қазақ халықтарының достығын нығайтуға, сонымен бірге екі елге ортақ спорт түрін дамытуға мүдделі екенін мәлімдеді.
"Қырғызстан көк-бөрі федерациясы Қазақстан көкпар федерациясымен әріптестігін үзбейді. Көшпенділер ойынындағы келіспеушілік төрешілер қателігінен болды. Соған бола екі халық дауласпауы керек. Біз көк-бөрі жанкүйерлерінің бәрін бірлікке шақырамыз" дейді Жүнүсәлиев.
Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпар мен көк-бөрі ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар жеке-жеке өтті. Қырғызстан көк-бөрі құрамасы финалда Қазақстанды 10:4 есебімен жеңді. Ал көкпарда Қазақстан құрамасы ақтық сында Қырғызстан құрамасынан 5:4 есебімен басым түсті.
Көкпардағы финал кезінде дау шығып, соған байланысты ойын шамамен бір жарым сағатқа үзілді. Бірінші таймның 13-минутында қырғыз көкпаршылары 3:1 есебімен жеңіп жатқан уақытта қазақ көкпаршысы Ұлан Байтөреев қарсыласы Құбанычбек Сұлтан ұлын қамшымен салып жібергені мәлім.
Осы жағдай ойыншылар мен жанкүйерлердің ашуын туғызды. Содан кейін ойын бірінші тайм бітуге 6 минут қалғанда уақытша тоқтатылған. Финал аяқталғаннан кейін қырғыз көкпаршылары ойын әділет өтпегенін мәлімдеді.